МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ОТЫЗ КҮН ОЙНАЙДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ОТЫЗ КҮН ОЙНАЙДЫ

   Талдықорғандағы "Жастар-2" залында ҚР Тәуелсіздік күніне орай облыстық басқармалар мен мемлекеттік қызметшілер арасында шағын футболдан облыстық турнир басталды. Оған облыс әкімінің аппараты, 14 облыстық басқарма қызметкерлерінен жасақталған 8 команда, 90-ға жуық спортшы қатысуда. Бұл сайыстың ерекшелігі биыл басталған жарыс қаңтардың 11-ші жұлдызында аяқталмақ.

 

   Шараның мақсаты Елбасының сарабдал саясатын қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметкерлерді спортқа көптеп тарту.
   Жиын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың алғысөзімен бастау алды.
– Мемлекеттік басқарудың өзегі саналатын әр қызметкердің салауатты өмір салтын ұстануы қашанда маңызды. Мемлекеттік қызметті атқару  – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенімнің белгісі. Осы жолда сіздер Елбасымыздың басшылығымен Тәуелсіздігімізді тұғырлы, елдігімізді ғұмырлы етуде аянбай еңбек етіп келесіздер. Бір мүдде, ортақ мақсат, жарқын болашақ жолындағы еңбектеріңіз жана берсін, спортта да жарқын жеңістер тілеймін, – дей келе жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
   Осыдан кейін дүбірлі доданың алғашқы тур ойындары басталды. Ала допты ұршықша иірген командалар армансыз айқасты. Жарыс аптаның әр сәрсенбі жұма күндері өтеді.  

Айдар ҚАЛИЕВ.

Оқи отырыңыз