ТАЛҒАР ТАЛАНТТАРДЫ ШЫҢДАЙДЫ

ТАЛҒАР ТАЛАНТТАРДЫ ШЫҢДАЙДЫ

Талғар ауданында «Алмалы» балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі және дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Кешеннің ашылу салтанатына облыс əкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Облыс әкімі өз сөзінде Елбасының нақты тапсырмаларының бірі бұқаралық спортты дамыту екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, биылғы халыққа арнаған Жолдауында 100 спорт кешенін ашу тапсырылғанын атап өтті. «Соның нақты дəлелі ретінде Жетісу жерінде жаңа спорттық кешен ашылып отыр. 2019 – Жастар жылы табалдырығымызды аттағалы тұр. Олай болса, жастарымыз шыңдалып, салауатты ұрпағымыз көп болсын! Жаңа чемпиондар тәрбиеленсін», – деді А. Баталов.
Өңір басшысынан кейін Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов сөз алып, жастарға ақ батасын арнады. Салтанатты шарадан кейін «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дəурен Үшкемпіровке жаңа кешеннің кілті табысталды. Мектептің лентасын қос чемпион – Жақсылық Үшкемпіров пен Ермахан Ибраимов қиды. 
Спорт кешені 180 орынға арналған. Есігін айқара ашқан сауықтыру кешеніне келушілер  спорттың 15 түрімен шұғылдана алады. Күрес, бокс және волейбол, баскетбол залымен қоса сыртта жасанды төсеніші төселген жанкүйерлерге арналған 400 орынды бар футбол алаңы бар. Мұнда 56 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер мектебіне 56 штаттық вакансия берілген. Оның ішінде 26 оқытушы-жаттықтырушы жұмыс істейді. Мектепте оқушылар бокс, баскетбол, волейбол, грек-рим, қазақша күрес, еркін күрес, жеңіл атлетика, футбол, гандбол, таэквондо, каратэ-до, самбо, жекпе-жек, садақ ату, тай-бокспен шұғылданады. Қазіргі таңда 915 оқушы жаттығуға жазылған. 

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ
Талғар ауданы

Оқи отырыңыз