ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Қоңыртөбе тауының етегіндегі Ақтерек ауы­лын­да жеке қар­жыға шағын футбол алаңы ашылды. Бір­лігі мен тірлігі жарасқан ел­ді мекен тұрғын­да­рының қуанышына аудан әкімі Жандарбек Да­лабаев ортақтасып, ауыл жастарының баста­масы­мен, сондағы азаматтардың ұйымшылдығымен жү­­зеге асырылған игілікті іске ризашылығын біл­дірді.

 

Жаңа ны­санның салтанатты ашылуында ауыл ақсақалы Бекен Қожа­бер­генов көпшілікке ақ бата­сын берді. Шалғайдағы ауылда жастарды спортқа, салауатты өмір салтын қалыптастыруға баулитын орын­ның іске қосылуымен аудан, ауыл атқамінерлері құттықтап, алаң лентасы қиылғаннан кейін-ақ ты­қыр­ши тосқан алғашқы ойынға кезек тиді. Турнир ұлы Отан соғы­сына Ақтеректен аттанып, майдан даласында хабар-ошарсыз кеткен Шалтабай Шайнүсіпұлын еске алуға арналды. Қырық төрт жа­сында туған жермен мәңгілікке қоштасқан әкесі туралы бүгінде ауыл ақсақалы Тұрарбек Шалта­баев тебірене сөйледі. Ол ұзақ жыл бір хабарын күтіп, сарыла із­деудің нәтижесінде биыл Ресей­дің Орел облысы, Ливны ауданы, Тихий селосындағы бауырластар зи­ратына жерленген әке басына барып, топырақ салыпты.

Шағын футбол жарысына төңі­ректегі Мәтібұлақ, Беріктас, Самсы, үңгіртас, Дегерес ауылдық округ­те­рінің құрамалары мен Ақтеректің өзінен екі команда, сондай-ақ, көр­шілес жатқан Жамбыл облысы Ке­нен ауылынан аяқдопшылар қатыс­ты. Тартысты бәсекеде 1-ші және   3-орындарды алаң иелері, 2-орын­ды үңгіртастықтар жеңіп, жауын­гер Шалтабай Шайнүсіпұлы атын­дағы арнайы кубок, Алғыс хат және ақша­лай сыйлықтармен марапат­тал­ды.

Серік

САТЫБАЛДИЕВ.

 

Оқи отырыңыз