ҚЫСЫ-ЖАЗЫ КЕЛІҢІЗ: ТАУ-ШАҢҒЫ ДЕМАЛЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

ҚЫСЫ-ЖАЗЫ КЕЛІҢІЗ: ТАУ-ШАҢҒЫ ДЕМАЛЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Талғар ауданы аумағында «Oi-Qaragai Lesnaya Skazka» тау-шаңғы демалыс орны пайдалануға берілді. Қысқы туризмнің дамуына үлес қосатын заманауи кешеннің ашылуына облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Алатау аясында, теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан демалыс орнының жалпы аумағы – 85 гектар. Шаңғы тебуге арналған жолдың ұзындығы 15 шақырымға созылып жатыр. Онда кәсіби спортшыларға да, қарапайым демалушыларға да арнайы жолақтар қарастырылған. Сонымен қатар, бұл жерде скейтбордпен әуестенушілер үшін де барлық жағдай жасалған. Кешен аумағында дәмханалар жұмыс істейді. Спорттық жабдықтарды жалға беретін орындар да бар. Демалыс орны күнделікті 2000-ға жуық адамды емін-еркін қабылдай алады.

Жаңа кешенді салтанатты түрде ашқан облыс әкімі Амандық Баталов оның отандық туризм кластерін дамытуға өзіндік үлес қосып отырғанын атап өтті.

- Бұл кешен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ашылып отыр. Келешекте осындай демалыс орындарының саны артып, Шымбұлақ пен Түрген шатқалын жалғастыратын болады. Бұл мақсатта «Қазақ Туризм» Ұлттық компаниясымен, отандық кәсіпкерлермен бірлескен жұмыстар атқарылуда. Бүгін ашылып отырған заманауи тау-шаңғы саябағына 2011 жылдан бері 60 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Бұл ретте жергілікті кәсіпкер Ерлік Балпанбаевтың ерен еңбегін атап өтуіміз керек. Мемлекет тарапынан да кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілуде. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен «Лесная сказка» демалыс орнына дейінгі тас жолдың 6,2 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілді. Бөлінген қаражаттың жалпы құны – 497 миллион теңге. Отандық кәсіпкерлікті қолдау, туризм кластерін дамыту ары қарай жалғасады, – деді Амандық Ғаббасұлы.

«Лесная сказка-Апорт-Ақ тас» компаниясының президенті Ерлік Балпанбаевтың айтуынша, алдағы уақытта шаңғы жолдарын 40 шақырымға дейін ұзарту жоспарланып отыр.

- Әрине, оңай жұмыс атқарылған жоқ. Осының бәрі дер кезінде көрсетілген қолдаудың, көмектің нәтижесі деп білеміз.Осы ретте игі істерге ұйытқы болған облыс әкіміне алғысымыз шексіз, – деді кәсіпкер.

Бір айта кетерлігі, «Oi-Qaragai Lesnaya Skazka» демалыс орны жыл он екі ай жұмыс істейді. Жаз мезгілінде мұнда келетін туристер атқа мініп серуендеп, велоспортпен айналысады.

Болат МӘЖИТ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Талғар ауданы

Оқи отырыңыз