Қарқыны қатты Косачев

Қарқыны қатты Косачев

Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында дәстүрлі қазақ күресінен «Талдықорған бөрісі» турнирі өз мәресіне жетті. Қала әкімінің жүлдесі үшін өткен балуандар бәсекесіне жиырма балуан қатысты. 

Боз кілемде бақ сынаған мықтылардың ішінде тұңғыш рет «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алған Ұлан Рысқұл, өткен жылы республикалық турнирде «Көрермендер көзайымы» деген арнайы жүлдені жеңіп алған Александр Косачев, ауыр салмақты Нұрсұлтан Аманжол, бірнеше рет осы доданың алтын жүлдесін қанжығасына байлаған Жәнібек Дүйсенбаев секілді оғландар бар. Нағыз апайтөс балуандардың басын қосқан доданың ашылу салтанаты да жоғары деңгейде өтті. Жарыстың шымылдығын түрген қала әкімі Бағдат Қарасаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, қазақ күресі мен жарыстың маңыздылығына кеңінен тоқталды. Мұнан кейін ортаға ұрпақ сабақтастығы ретінде ардагер балуандар мен балғын балалар қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Әншілер әннен шашу шашса, бишілер би билеп, нағыз тойдың көрігін үрледі. 
Екі топқа бөлініп, жиырма балуан боз кілемде шелектеп тер төкті. Шын мықтылар қарсыластарының жауырынын жер иіскетіп, жүлделі орынға қарай жақындай берді. Бірінші кілемде қарсылас шақ келтірмеген Ұлан Рысқұл белдескенін баудай түсірді. Ел чемпионатында алған жарақатына қарамай қайсарлық көрсеткен Ұланға сүйсінбеген жұрт болмады. Нағыз қаһарманға сай ерлік көрсеткен балуан қарсыластарын таза ұтып отырды. Ал екінші кілемде қарсы келгеннің жігерін құм еткен Александр Косачев ешкімді шыдатпады. Осылайша екі мықты финалда жолдары түйісті. Жартылай сында есе жіберген Жәнібек Дүйсенбаев пен Нұрсұлтан Аманжолұлы қола жүлдеге таласты. Нәтижесінде қарсыласын шалып жыққан Нұрсұлтан қола тұғырдан қол бұлғады. Ал ақтық сын айтарлықтай қызықты бола алмады. Екі мықтының арасындағы алапат айқасты көреміз деген жанкүйерлердің көңіл-күйі су сепкендей басылды. Алғашқы минуттарда бір-бірін жұлқылай жөнелген екі балуан біраз әбігерге түсті. Осындай теке-тірестің аяғы жарақатқа ұласты. Алтын жүлдеден дәмелі деген Ұлан Рысқұл жарақат алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге тура келді. Білезігі тайқып кеткен Ұланға дәрігерлер рұқсат бермей, ақыры күміс тұғырға орналасуға мәжбүр болды. Осылайша техникалық жеңілістің арқасында Александр Косачев «Талдықорған бөрісі» атанды. Енді екі балуан алдағы «Жетісу бөрісінде» қаланың намысын қорғайды. Жеңіске жеткен үш балуанға да қомақты қаржы беріп, қала әкімі дәстүрлі кубокты Александрдың қолына табыстады.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Оқи отырыңыз