Айдостың айдарынан жел есті

Айдостың айдарынан жел есті

Жылдағы дәстүр бойынша Көксу ауданында әкімнің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Көксу бөрісі» өтті. Аудандық іріктеу бәсекесіне он ауылдық округтен жиырма балуан сынға түсіп, боз кілемнің шаңын қақты. Биылғы жарысқа жиылған балуандар Мәмбет ауылының түңдігін желпіді. Ұлттық өнерге деген жанашырлығын осыдан-ақ білуге болады. Балуандарын сайлап әкелген ауыл әкімдері түгелдей қазақша киініп, әйелі камзол, еркегі шапан киіп, тойдың шырайын кіргізді. Міне, қандай керемет. Төл өнерін ұлықтап, кейінгі жас буынға үлгі көрсеткен ауыл әкімдеріне деген көңіліміз шат болды.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Алмас Әділ сөз сөйлеп, шымылдығын түрді.
– Аудан бойынша атқарылып жатқан игі істер көп, ел экономикасына Көксу ауданы өлшеусіз үлес қосып, ауылшаруашылығы жағынан алда келеміз. Сонымен қатар спорттық шарада да мақтанышпен атайтын есімдер жетерлік. Дәл осы бәсекеде үздік шыққан Айдос Қаңлыбаев екі мәрте облыста озық шығып, республикалық турнирде Жетісу жерінің намысын қорғады. Біз үшін үлкен абырой. Одан кейін де жас өрендеріміз өсіп келеді және болашақта ұлттық өнерімізді әлемдік аренаға алып шығатын да жастар болады. Сондықтан сіздерге жеңіс пен сәттілік тілейміз, – деп сөзін түйіндеді.
Аудан әкімінің сөзінен кейін балуан атамыз Әлімғазы Райымбеков бата беріп, жарыс басталды. Қос қапталға тігілген қазақ үйге жайғасқан балуандар жеребе тартып, денелерін қыздырғанша ұйымдастырушылар шағын қойылым қойып, келген жанкүйерлердің көңілін көтерді.
Артынша балуандар боз кілемге аяқ басып, жарыстың көрігін қыздырды. Білек сыбана кіріскен балуандар жан алып, жан берісті. Алғашқы болып шыққан Айдос Қаңлыбаев қарсыласын әп-сәтте алып ұрып, таза жеңіске қол жеткізді. Күресті көруге келген жанкүйерлер ақтық сынға Айдос пен Айланыш Айбол шығады деп топшылады. Олай дейтін де жөні бар, өткен жылы Айбол осы турнирде үздік өнер көрсеткен болатын. Биыл да жаман емес. Қарсы келгенді баудай түсіріп, қанжығасын майлап отырды. Жалпы жылдан-жылға доданың ауқымы кеңіп, жаңа есімдер мен жас балуандардың қарқыны үдеп келеді. Сонымен жартылай финалға шыққан төрт балуан аудан әкімінің жүлдесін сарапқа салды. Айдос Қаңлыбаев пен Төкен Айбар кездесті. Жас болса да әккі балуанға айтарлықтай қарсылық көрсеткен Айбар көрерменнің көңілін көтерді. «Әттең, шеберлік жетіспеді. Әйтпегенде жүлдені алатын-ақ балуан екен», – деген сөздер әр қапталдан айтылып жатты. Осылайша сыралғы балуан жүрісінен жаңылмай ақтық сынға шықты. Ал екінші болып ақтық сынға Нияз Ерсайын шықты. Ол жартылай финалда айласы асқан Айланыш Айболдың жауырынын жер иіскетті. Сонымен ақтық сында Айдостың бағы жанып, бөрі атанды. Ал үшінші орынды болашағынан көп үміт күттіретін Төкен Айбар алды. Осылайша жеңіске жеткен Айдос пен Нияз Ерсайын алдағы болатын «Жетісу бөрісінде» ауданның намысын қорғайды. Жеңіске жеткен балуандарға бағалы сыйлықтар табысталып, алдағы бәсекеге сәттілік тіледі.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Оқи отырыңыз