БҰЛАҚ КӨРСЕҢ КӨЗІН АШ

    «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп бабаларымыз тегін айтпаған.  Бойында өнері бар жас жеткіншекті көрсе шыңдап, қанатын қатайтып, талантын ашып, бағыт-бағдар беру – аға буынға тән асыл қасиеттің  бірі. Соның бір айғағы ретінде Талдықорған қаласындағы № 7 ясли-бақша ұжымын айтуға болады.
     Мұндағы қайнаған өмір, шығармашылық ізденіс, ұжымның атқарып жатқан жұмыстарын көрсеңіз, көңіліңіз толып, бір марқайып қаларыңыз сөзсіз. Балабақшаның әр күні қызыққа толы. Себебі мұнда сан алуан қылығымен адамды баурап алатын кішкентай бөбектер бар. Сол сәбилерден күш-қуат алып, үнемі ізденісте еңбек етіп, оларға тәлім-тәрбие беріп жатқан шығармашыл топтың ерен еңбегін атап өткен жөн. Ұлтуар Мамекова басқарып отырған балабақша ұжымының бүлдіршіндерді кішкентай күнінен білімге ғана емес, өнерге де баулып жатқан еңбегі өз жемісін беруде.
    Күні кеше ғана Алматы қаласында республикалық «Мои первые шаги» атты конкурс-фестивалі өз мәресіне жетті. Онда балабақшаның музыка пәні мұғалімі М. Валитова, хореографтар А. Махаманова және А. Жұмаханова сияқты тәжірибелі мамандардың шәкірттері үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, вокалдан Жания Нұрланбекова, Бейбарыс Бекболатұлы, Алина Асқарова, Хасила Асқар, хореографиядан «Айгөлек» би тобы І орындарды еншілесе, «Еркеназ» би тобы ІІ орынды иеленді.
     Ата-ана үшін  баласының  кішкентай  жетістігі – үлкен мәртебе. Ал балдырғандарымыз үшін биік шыңды бағындырумен тең жеңіс. Осындай қуанышқа қол жеткізуімізде ұстаздардың еңбегі жатқаны сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ұжым болып, ата-анамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жүрген тәрбиешілердің жұмысын көпке үлгі етіп көрсетуге лайық. Бүлдіршіндердің жетістікке қол жеткізуінде ертеңгіліктер мен сайыстарға костюмдерін эстетикалық талғамға сай етіп дайындап беріп жүрген  қолөнер пәнінің мұғалімі Г. Тауманованың да сіңірген  еңбегі өте зор. Сонымен  қатар, ұстаздармен ортақ тіл табысып, бауыр еті баласына деген махаббатын аямай, үнемі қолдау көрсетіп жүретін ата-аналар қауымына да ризашылығымызды білдіре кеткен жөн болар.
     Қорыта келгенде, бұл ұжым бір ғана сайыспен шектеліп қоймай, жыл бойы осындай игі-істердің  куәсі болып, шаршамай, талмай еңбек етіп келе жатқан қала бойынша, тіпті облыс көлемінде де беделді балабақшалардың бірі және бірегейі деуге болады.
Ұлтуар Мұхамерқызы басқарып отырған ұжымға, музыка жетекшілеріне және хореографтарға шығармашылық табыстар тілеп, зор алғысымызды білдіреміз. Алда бағындырар асуларыңыз көп болсын. Өнерлі бүлдіршіндеріңіздің қанаттары шыңдалып, тек биіктерден көрініп, еңбектеріңіз жанып, жеңістің тұғырынан ғана көріне беріңіздер деген  тілегімізді білдіреміз. 

Наргиз РАШИДҚЫЗЫ,  
№ 7 ясли-бақшасының ата-анасы.
Талдықорған.

Оқи отырыңыз