КӨПТЕН КҮТКЕН КӨПІР

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Балқаш ауданында көптеген нысандар пайдалануға берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық  мақаласында қамтылған дүниелердің бірі – «Атамекен» кіші бағдарламасының «Жергілікті бастамалар картасы» жобасы аясында Құйған ауылындағы Іле өзенінің үстінен көпір салынып, осы аптада ауыл тұрғындарын үлкен қуанышқа бөледі.

Мұндай қуанышты күнді аудан орталығынан шалғайда орналасқан Құйған ауылының тұрғындары ширек ғасырдан астам уақыт күтті десек, әсте артық айтпағанымыз. Ауылдың арғы жағы мен бергі жағын жалғастыратын көпірді көргенде қуанбаған тұрғын қалмағандай. Қуанышты сәттің куәгері болуға ауылдың еңкейген қариясынан еңбектеген сәбиіне дейін келді.
Көпірдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов өз сөзінде: «Халқымызда үш сауапты істің бірі – көпір салу екен. Ендеше, бірнеше жылдан бері ауыл тұрғындарының өтініш-тілектері болған көпір мәселесі де өз шешімін тапты. Көпір арқылы Іле өзенінің сол жағалауында орналасқан тұрғындардың жол қатынасы едәуір  қысқарды. Бұл, әрине, зор мүмкіндік, көптен күткен қуанышты күн», – дей келе, ауыл тұрғындарын қуанышты сәттерімен құттықтады. 
Жалпы көпір құрылысын жүргізген мердігер  «Интер Тех.строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш серіктестіктің ұжымы алажаздай таңның атысынан күннің батысына дейін бел шешпей жұмыс жасады. Соның нәтижесінде көпір құрылысы мерзімінен бұрын аяқталды. Халық игілігіне пайдалануға берілген  көпірдің жалпы ұзындығы 65 метрді құрайды, ені-10 метр көлемінде. Жүк көтеру салмағы-80 тонна. 
Көп жылдардан бері құйғандықтардың басты тілегіне айналған көпір құрылысына жергілікті бюджеттен 184 млн. 849 мың теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарына 95 пайыз отандық материал пайдаланылған. 
Игі шараға жиналған қауым осындай халыққа пайдалы нысанның салынуына ықпал жасаған облыс әкімі Амандық Баталовқа  жүрекжарды ризашылықтарын білдірді. 

Күмісбек ЕРБАЕВ.
Балқаш ауданы.

Оқи отырыңыз