Кіші қажылыққа үш жолдама

Кіші қажылыққа үш жолдама

«Бардың түбі оңалар, жоқтың түбі жоғалар»  деген бабадан жеткен асыл сөзге сүйенсек, тауық жылы қауіп-қатерсіз, мерекесі мен берекесі көп, ауыз толтыра «шүкір» дейтін пейілде өтті. Шүкір. Бұл барға риза, жоққа сабыр көрсетуге шақыратын шариғатымызда құлшылықтың бір түрі. Оны бізге адамзаттың асылы, Пайғамбарлар падишасы һәм ғаламның рахым нұры болған Мұхаммедтің (с.ғ.с) өнегелі өмірі мен өрелі сөзі жеткізгенін жақсы білеміз.

Әлқисса, тауық жылының соңғы айы Мәуліт мерекесімен тұспа-тұс келіп, «Құдайсыз қурайдың сынбайтынын» жақсы білген қазақ елі үшін имандылықтың иіріміне бойлап, екі дүниемізді қатар ойлап, жалғанға алданбай, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтқан күндерге толы болды. Соның бірі Талдықорғанның төрінде өткен «Тәрбиенің шамшырағы – Мұхаммед» атты рухани кеш еді. ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкілі, орталық Иман мешітінің бас имамы Ардақ қажы Нүсіпханұлының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған Мәуліт мерекесі жүректерге иман ұялатып, көңілдегі дүниеге деген құмарлықты қуалап, Аллаға деген құлшылығымызды шыңдап, оның Елшісіне (с.ғ.с) деген сүйіспеншілігімізді еселей түсті. Сәл шегініс жасап, адамзат баласына соңғы Пайғамбардың келу тарихына аз-кем орала кетейін. Араб түбегі надандықтың шегінен асып, адамдық аяққа тапталып, қыз баланың қадірі кетіп, ананың аяулы есімі ескерілмейтін дәуірде Ұлы Жаратушы адамзаттың соңғы Пайғамбары ретінде Мұхаммед Мұстафаны (с.ғ.с) таңдап, оған жолбасшы ретінде қасиетті Құран Кәрімді түсірді. Сол сәттен бастап, араб түбегінен шашылған илләһи нұр жер деп аталатын осынау ғаламшардың түкпір-түкпіріне тарады. Ұлы Дала иесі болған қазақ жұртының қасиетті топырағына келгелі де ғасырлар керуені өтті. Ата дәстүрімізбен біте қайнасып, ұлттық құндылықтарымызға қайшы келмеген ислам – біздің де асыл дінімізге айналды. Құранға құрметпен қарап, Мұхаммедке (с.ғ.с) үмбет болып ерген бабаларымыз қазақ топырағына исламның дәнін егіп, «Сөздің басы біссміллә, біссмілләсіз іс қылма», – деп әрбір қолға алған шаруаны Жаратушының атымен бастауды үйретті.  «Құдайға сенген құстай ұшады, пендеге сенген мұрттай ұшады», – деп қандай жағдайда да ең бірінші арқа сүйеріміз Алла тағала екенін ескертті. «Аллаға жағам десең, азанды бол. Ағайынға жағам десең, қазанды бол», – деп Аллалы үйде астың адал болатынын, адал ас ішкен үйде береке-бірлік орнайтынын санамызға сіңірді. Алланың әмірі мен ата-баба аманатын арқалаған ұрпақ Мұхаммед (с.ғ.с) көрсеткен асыл жолдан айнымай, пенделікпен қанша асқақтап кетсе де, тәубесіне келтіргенде Жаратушысына жалбарынып, Ұлы Иеміздің алдында дәрменсіз екенін сезінетін болды. 
Міне, адамзат баласын қараңғыдан жарыққа, шыңыраудан шыңға, тамұқтан жұмаққа жетелеген Пайғамбар (с.ғ.с) өмірі күллі мұсылман қауымға үлгі. Сол күнгі кеште әуелі Құран оқылды. Текелі мешітінің ұстазы Нұржол Ғазиздің әуезді үнімен басталған құран жүректерді жібітті. Артынша Иман мешітінің қос ұстазы Керімбек Дәуітов пен Мұхаммед Ордабай сахнаға шәкірттерімен көтеріліп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтып, мәуліт оқыды. Өнер саласындағы ұлағатты ұстаз Серікжамал Әжібекова жетекшілік ететін «Мен жұлдызбын» студиясының «Ұландар» тобы орындаған ақын, сазгер Жәкен Омаровтың «Зікір Алла» әні де көрерменнің көңіліне иман нұрын септі. Көксу аудандық «Самға» жастар театры «Таланттар мен табынушылар» қойылымында жалпы адамзат баласының кімге еліктеуі керектігін әдемі де әсерлі көрсете білді. Қойылымның соңында қос ұстаз Мұхаммед Ордабай мен Нұрлан Усманов Пайғамбарымыздың хадистерінен оның өнегелі өмірін танытатын уағыз-насихат айтып, иманымызды көтерді. Әнші-сазгер Бейбітгүл Нұрымғожинаның «Ата-ананың қадірі» әнін облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншісі Нұрбол Сәдуақас та тебірене орындап, жүректерді тербетті. Ескелді ауданы, Жетісу ауылдық Мәдениет үйінің директоры Қайрат Қазыкен орындаған ақын-сазгер һәм әнші Тоқтар Серіковтың «Бір көш кетіп барады» термесі де бүгінгі қоғамдағы ащы шындықтың айтылған тұсы болды. Қалалық «Жетісу» мешітінің бас имамы Қанат Маратұлы ақын Қалқаман Сариннің «Әдеп» өлеңін әдемі көрініспен оқып берді. Ал облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының әртістері қойған «Таңдау» қойылымы да отбасы құндылықтарын паш етті. «Самға» жастар театрының әртістерімен бірге сахнаға шыққан кішкентай Әмина Қанатқызы оқыған «Уақыт» толғауы да көңіл толқытты. Мәуліт кешінің соңғы көрінісі «Анамды Меккеге апарғым келеді» қойылымы көзге жас үйіріп, жүрек жылатты. Жалғыз ұлдың жүйке ауруына шалдыққан анасын дәрігерге әкеліп, сауықпайтынына көзі жетсе де, «Анамды Меккеге апарғым келеді» деген арманы біреуге жай ғана қойылымның оқиға желісі болып қана көрінуі мүмкін. Анасының дәрісін алып, қолтығынан жетектеп шығып кеткенде орнынан көтерілген дәрігер: «Қайсымыз анамызға дәл мынандай құрмет көрсетіп жүрміз, ауру анамызды Меккеге апару арманы былай тұрсын, он екі мүшесі сау, ақыл-есі дұрыс анамызға лайықты сый көрсете алып жүрміз бе?» деген ойды айтып, мына баланың анасын қажылыққа апаруға мен жәрдемдесемін деп түйіндейді. Дәл осы сәтте өкіл имам Ардақ Нүсіпханұлы сахнаға көтеріліп: «Кейде пендешілікпен барға ырза, жоққа сабыр жасай алмай жатамыз. Алланың бергеніне шүкіршілік айтудың орнына сәл ғана сынақты көтере алмай күпірлік келтіреміз. Он екі мүшеміз сау бола тұра сол байлықтың қадірін білмей жатамыз. Ал біздің жанымызда мүмкіндігі шектеулі бола тұра мүмкін емес дүниелерді қолға алып, қайырымдылық пен қайсарлықтың асқан үлгісін көрсетіп келе жатқан бір азамат бар. Ол Елдос Баялышбаев деген бауырымыз. Сол жігітті сахнаға шақырамын», – деді. Көптің көмегімен Елдос сахнаға көтерілгенде сөзін жалғастырған имам: «Дүниемен өлшенетін байлықты айтпағанның өзінде Алла берген сансыз нығметтің бірі он екі мүшеміз. Бір ғана Алланың шеберлігін танып-білуіміз үшін нәсіп еткен екі көзіміздің қадірін қаншалықты біліп жүрміз. Көзі ашық болғанымен көкірегі соқыр қаншама адам бар айналамызда. Ал соларға үлгі етіп көрсетуге лайық бір жан бар ортамызда. Ол қос жанары тас қараңғы болып, айналаны көрмесе де, Алласын жүрек көзімен көріп, бес уақыт намазын қаза қылмаған, сонымен бірге азан айтып, жамағатты намазға шақырып жүрген Ербол бауырымды да сахнаға шығарғым келеді». Ол да имамның қасына келді. Сөзін әрі қарай жалғаған Ардақ Нүсіпханұлы: «Сендердің жақсыларың – Құранды үйреніп, оны басқаға үйреткендерің», – деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) аманатына қиянат жасамай, адал атқарып жүрген имамдар екені ақиқат. Алла Елшісінің (с.ғ.с) ұстаздық ұлы жолын өзіне мұрат еткен “Иман” мешітінің ұстазы, әлемге әйгілі әл Асқар университетінің түлегі Шынарбек бауырымды ортаға шақырам. Міне, ағайын, бұл үш азаматты сахнаға шығарғанда айтпағымыз не екенін білгілеріңіз де келіп отыр-ау. Жаңа қойылымда бір дәрігер анасына құрмет жасаған жігітті анасымен қажылыққа жіберем деді. Бір қарағанда имандылықты насихаттаған шағын ғана көрініс болуы мүмкін. Оның үстіне бір дәрігердің екі брідей адамды қажылыққа жіберуі, әрине, мүмкін емес. Бірақ, ардақты жамағат, мүмкін емес нәрсе болмайды. Алла кімнің ниеті шынайы болса оған міндетті түрде сұрағанын береді. Бізде мүмкін емес нәрсенің мүмкін болатынын көрсеткіміз келді. Имамдар қауымы Алладан берекетін сұрап әрекет қылдық. Нәтижесінде осы үш азаматқа кіші қажылыққа жолдама беру мүмкіндігіне ие болып отырмыз. «Берем десе Сүбхан, бермей көрсін Сұлтан», – деген де сөз бар емес пе? Жасаған қайырымыз бүтін болсын деп, мүмкіндігі шектеулі екі азаматтың қасына жолбасшы ретінде Шынарбек имамды да қосып отырмыз. Алла қабыл етсін!
Қуанышын жасыра алмай сөз алған Елдос: «Осы жолдаманы мен анама берсем бола ма?», деп рұқсат сұрап, сахнаға анасын шақырды. Ана мен баланың бақытты сәті қос жанарынан жас болып ағып жатты. Жарық әлемді көрмесе де, асыл арманының орындалғанына қуанған Ерболдың да жанарынан аққан моншақтар бетін айғыздап жатты. Шынарбек ұстаз да күтпеген тосын сыйды жанарын жасқа мала қабыл алды. Сөз арасында Елдостың: «Жаңа қойылым болып жатқанда қажылыққа анамды жіберсем, қанша қаражат кетеді екен деп ойлап отыр ем. Ойымды үзіп болғанша арманымның орындалғанына таң қалып тұрмын», – деді. 
Зал толы көрермен, екі қанатта тікесінен тік тұрып тамашалаған жамағат Мәуліт кешінің соңында осындай тосын сыйға куә болды. Я, Алла деп алақан жайып дұға жасамай-ақ, ниетің түзу болса ойыңның да қабыл болып кететініне сеніп, Ұлы Жаратушыға мақтау айтып, оның соңғы пайғамбары әрі сүйікті құлы Мұхаммедке (с.ғ.с) салауат айтып тарқасқан жұрт бұл кешті есінде ұзақ сақтайтыны кәміл.


Құранға құрметпен қарап, Мұхаммедке (с.ғ.с) үмбет болып ерген бабаларымыз қазақ топырағына исламның дәнін егіп, «Сөздің басы біссміллә, біссмілләсіз іс қылма», – деп әрбір қолға алған шаруаны Жаратушының атымен бастауды үйретті. 


Ай-ЗЕРЕ.

Оқи отырыңыз