ҚАЗАҚ РАДИОСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН

     Қазақ радиосының құрылуына Алашорда үкіметі көсемдерінің бірі, ағартушы реформатор Ахмет Байтұрсынұлы да қатысқан. Күні кешеге дейін бұл шындықты қалың бұқара білген жоқ. Журналистика саласының білгір зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашевтың арқасында көп нәрсе белгілі болды. Ол шаң басқан архивтерді ақтара отырып осы мәселені анықтады. Көптеген құнды материалдарды тапты.
    Жуырда Қазақ радиосының Алматы студиясы осы тақырыпты Алашорданың 100 жылдығына орайлыстарып, Ұлттық кітапханада арнаулы жиын өткізді. Оған айтулы ғалымдар, танымал қаламгерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды белгілі радиожурналист, Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы жүргізіп, зиялы қауым өкілдерін белсенді пікірлесуге шақырды.
– Өздеріңіз білесіздер, Алашорданың 100 жылдығы қоғамдағы игі шаралардың арқауына айналды. Бүгінгі жиын соның құрамдас бөлігі. Ұлт азаттығын аңсап, сол жолда күрескен, бастарын бәйгеге тіккен арыстарымыздың рухыни жаңғыру бәріміздің ортақ парызымыз. Сондықтан қайраткер ісін тағы бір еске алып, өнегелесек артық болмайды. Осы орайда сіздерге мына бір қызықты үйлесімді айтқым келеді. Қазақ радиосы Астанаға көшкенде ол да кешегі Орынбор студиясы секілді          1-қазанда бас қаламыздан хабар таратты. Меніңше бұл кездейсоқтық емес. Дәл осы күн кәсіптік мереке болуға өзінен-өзі сұранып тұр. Тиісті орындар ұсыныс, пікірлерімізді ескереді деген үміттеміз, – деді Бақыт Жағыпарұлы.
     Бұдан кейін сөз алған Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ди-        ректоры Райхан Имаханбет жиналғандарға өздері құрастырып, баспадан шығарған фотоальбомды көрсетті. Ол Ахаңның өмірі мен шығармашылығына арналыпты. Мұнда қайраткерге қатысты сан түрлі мәлімет бар. Көптеген жәдігерлердің суреттері топтасқан. Музей директоры солардың мазмұны мен мәнін көпшілікке таныстырды.
     Жарыссөзге қатысқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы өз ойын ортаға салды.
– Алаш арыстарының асыл ғибраттарын қайта жаңғыртып, оны жас ұрпақтың бойына дарытып, санасына сіңіруге тиіспіз. Қазақ радиосы сол міндеттерді ойдағыдай орындап келеді, – деді ол. 
    Сол сияқты, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім, белгілі қоғам қайраткері Асылы Осман, тағы басқалар Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық мүдде үшін сіңірген еңбектеріне, оның ішінде радио саласындағы жұмыстарына жан-жақты тоқталды.
    Жиынға қатысушылар ұлт қайраткері Ахаңның есімі Қазақ радиосы тарихына алтын әріппен жазылуға тиіс деген қорытындыға келді.

Болат МӘЖИТ,
Алматы.

Оқи отырыңыз