СҰЙЫҚ МАЙ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ

     Сарыөзек ауылында «Риза-май зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа зауыты ашылды. 


     Салтанатты жиында аудан әкімі Бағдат Әлиев құттықтау сөз сөйлеп, өзінің игі тілектерін білдірді. 
– Қымбатты жерлестер! Ардақты ағайын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады», – деп атап көрсеткен болатын өзінің «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында. «Елбасы біреу – халық оған тіреу» деген әдемі қағиданы ұстана отырып, Елбасының сарабдал саясатын, бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауыл азаматтары 350 миллион теңге көлеміндегі жеке қаражатқа май шығаратын цех ашып отыр. Күніне 50 тонна май шығарылса, аудан  экономикасына елеулі үлес қосар еді. Ел бар жерде ер де, ел қамын ойлаған азаматтар да шығады. Бүгінде қырық адамға жұмыс істеуге мүмкіндік тудырып отырған азаматымызға үлкен алғыс айтқым келеді. Жаңа жұмыс орнының ашылуымен құттықтай отырып, Риза-май зауыты жұмысының жандана беруіне тілектестігімді білдіремін. Ел игілігін көрсін, алға қойған мақсаттарымыз орындала берсін, – деді аудан әкімі. 
    Бұдан соң «Риза-май зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Бегімхан Ержан: «Құрметті қауым! Сарыөзек ауылына келудегі басты мақсатымыз осы ауылдан зауыт ашып, ел-жұртқа аз да болса көмегіміз тисе деген ой болған. Осы ауылға келгелі бері аудан басшыларынан бастап қарапайым жұртшылыққа дейін жылы қабақ танытып, бастаған ісімізге қолдау көрсетті. Сол үшін де баршаңызға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Азамат болғаннан кейін ел-жұртқа көмегімізді тигізсек деп ойлаймыз. Сол себепті зауыт ашсақ деп бел шештік. Қанша шаруа қожалықтары жыл сайын өздерінің өндірген өнімдерін көршілес елдерге шикізат түрінде сатады. Тым болмаса соларға септігіміз тиіп, май күйінде жіберсек деген оймен осы жұмысты бастадық. Ендігі кезекте, сіздердің қолдауларыңызбен жұмысымызды жандандырамыз деген сенімдемін, – деп сөзін қорытындылап, жиналған жұртқа шынайы алғысын жеткізді. 
     Ақ тілектерден кейін Бағдат Байшалұлы мен Бегімхан Ержан зауыттың ашылу рәсімін жасап, лентасын қиды. Ауыл әжелері  шашу шашып, аудандық Мәдениет үйінің әнші-бишілері мерекенің шырайын келтіріп, әнмен көмкерді. Жиналған  жұрт зауытты көріп, ішін аралады. 
– Биыл 10 гектар мақсары ектік. Енді мына зауыт ашылғаннан кейін мақсары егуді одан әрі көбейтуді ойластырып отырмыз. Зауыт шаруаларға жанар-жағармай және тұқыммен көмектеседі. Олармен келісімшартқа отырып, тікелей жұмыс істейді. Бағасы нарыққа байланысты болады. Әйтсе де шаруаларымызға бұл өндіріс орнының тигізер пайдасы мол болады деген сенімдемін. Алдағы уақытта зығыр, мақсары майымен айналысатын үлкен кооператив ашу жоспарда бар, – дейді аудан әкімінің орынбасары Серікбай Қожахметов. 
      Айта кетейік, жаңа ашылған «Риза-май зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бүгінде он бес шақты адам еңбек етуде. Болашақта жұмысшылар саны артып, қырыққа дейін жетпек. Кәсіпорында мақсары бірнеше рет тазаланып, сығылып, жоғары температурада рафинаттау үрдісі жүргізіледі. Сөйтіп, мақсары сұйық майға айналып, шыны ыдыстарға құйылады. Жетісу өңірінің мақсары және зығыр өсірумен айналысатын барлық шаруашылық өнімдерін қабылдауды жоспарлап отырған аталмыш кәсіпорын экспортқа шығарылатын таза май дайындайды. Бүгінде  Қытай елімен келісімшарт та жасалды.

Ләйлә Ескендірқызы  
Кербұлақ ауданы

Оқи отырыңыз