«Мектепке жол!» акциясы басталды

Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға әжептәуір салмақ түсіретіні анық.
Ал, отбасында бірнеше бала болса ше? Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық ба­ласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрмысы төмен отбасы мен жетім, жартылай жетім жет­кіншектер бар. Оларға да көп болып көмек көрсету игілікті іс. Осыған орай жыл сайын еліміз көлемінде «Мектепке жол!» атты республикалық акциясы өткізіліп келеді. 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығын қамтитын акцияға әр облыс, аудан мен қала үн қосуда. Тал­дықорған қаласында да акцияның салтанатты ашылуы өтті.

№14 орта мектеп-гимна­зия­сында бастау алған шарапатты шараға мұғалімдер, ата-аналар, демеушілер қатысты. Талды­қорған қалалық білім бөлімінің басшысы Болат Тұрысбеков көп­шілікті акцияның басталуымен құттықтап, бұл мейірімділік пен қайырымдылықты, адамдардың бір-біріне деген риясыз көңілін, болашағымыз балаларға деген шынайы қамқорлықты танытатын ізгі шара екендігін атап өтті.

– Бұл акция көптеген жеткін­шек­ке шапағат нұрын себуде. Өткен жылы қала бойынша 2900 ба­ланы мектепке толық даярлап, ол үшін мемлекет қамқорлығы мен демеушілер тара­пынан 25 млн. теңге қаржы жұмсалса, биыл 3200 оқушыны қамту жоспарда бар. Бұл бір реттік қана көмек емес, жыл бойы жалғасып отыратын үрдіс. Осы ретте акция кезінде ғана емес, басқа уақытта да тұрмысы төмен отбасын азық-түлікпен, балаларды қыстық киіммен қам­тып, тұрақты демеушілік көрсетіп тұратын азаматтардың бары қуан­тады, – деді.

Акция аясында оқушылар оқу­ға қажетті құрал-жабдық, мектеп формасы, спорттық киімдермен қам­тылып келеді. Бұл іске облыс­тық, аудандық әкімдіктен бастап, басқарма, департаменттер, түрлі мекеме, ұйымдар белсенді түрде атсалысып келе жатқанын айта кеткен орынды. Сол сынды ата-аналар, ұстаздар, кәсіпкерлер де­меушілік көмек көрсетуде. Сон­дай жанның бірі «Нұрлы ғасыр» ЖШС-нің директоры Жансая Бейіс­бекова. Ол биыл он баланы бірдей мектепке даярлауға ниет танытып отыр. Шара барысында да сөз алып, ата-аналарға, балаларға өзінің ақ тілегін арнады. Сондай-ақ,  №14 орта мектеп-гимназиясы ата-аналар комитетінің төрайымы Әсел Садықова ізгі лебізін білдіріп, балаларға қуаныш пен күлкі сый­лап отырған барлық демеушіге, осы істің ұйытқысы болып жүрген ұстаздар қауымына алғысын жет­кізді.

Аталмыш білім шаңырағында биыл 1217 оқушы білім алатын болса, оның 140-ы тұрмысы төмен от­басының жеткіншегі. Акцияның алғашқы күні бірқатар оқушы мектепке қажетті құрал-жабдық­пен қамтылды.

– Акция енді ғана бастау алды. Жаңа оқу жылы бастал­ған­ша 140 баланы толықтай мектепке даярлаймыз. Ол үшін әлі де демеу­шілер іздестіріп жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін үлес қосқан жандар да баршылық. Жыл сайын акцияны өз деңгейінде өткізіп келеміз. Балалар үшін бар жақсылығын аямайтын жандар биыл да көптеп табылады деп сенеміз, – деді №14 орта мектеп-гимназиясының директоры Гүлжанар Еспанова.

Акцияға үлес қосамын деген жандар білім шаңырақтарына барып, сондай-ақ, облыс орталы­ғын­дағы №4 орта мектеп, №19 мектеп-гимназияда орналасқан «Мүшелтой» аула клубы, Еркін, Өтенай ауылдық әкімдігі, Талды­қорған қалалық жұмыспен қамту бөлімінен ашылған арнайы пунктке киім-кешек, оқуға қажетті құрал-жабдықтар табыстай алады.

 Ал көмек алуға үмітті ата-ана­лар мен балалар тізімі жергілік­ті жер­дегі мектептерде бекітіледі. Ба­ласының болашағына бейжай қарамайтын ата-ана егер мектепке қажетті киім-кешек, құрал-жабдық аламын десе, сонда өтініш білді­руіне болады.

Жыл сайын балаларға мейірім мен шуағын төге келетін акция  көпшілік көмегімен өз дәрежесінде өтеріне сеніміміз мол.

Алма ЕСЕНБАЕВА.

Оқи отырыңыз