Мерейтой дайындығы нақтыланды

Мерейтой дайындығы нақтыланды

Биыл қос бірдей облыстық басылымның ғасырлық қуанышы. «Жетісу», «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Осы орайда өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ғасырлық ғұмыры бар басылымдардың мерейтойға деген дайындығы нақтыланып, алдағы уақытта атқарылмақ жұмыстар қатары таныстырылды. Газеттерге басшылық етіп отырған «Өлке тынысы» жшс директорының орынбасары Шыңғыс Бозым, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов жүзжылдық қарсаңындағы атқарылар ауқымды істен хабар берді. 

Басылым ғұмырын есептейтін құмсағат қос газеттің құрылған сәтінен іске қосылған. Нақты айтар болсақ, 1918 жылы «Заря свободы», «Жетісу іші халық мұхбірі» атауларымен алғаш оқырманға  жол тартқан қос басылым бұдан кейінгі кезде түрлі атаулармен таралды. 
Атсалим Саламұлы қос газеттің тарихына тоқталып өтіп, қызмет атқарған бас редакторлар жайын да тілге тиек етті. Сондай-ақ, аталмыш басылымдарда әлі күнге дейін білікті де білімді тілшілердің қызмет атқаратынын қуанышпен айтып өтті. Өз кезегінде сөз алған Нүсіпбай Додабайұлы қос басылымның кең ауқымды аудиториясының ешқашан азаймайтынын жеткізіп, облысымыздың тіршілігінен жан-жақты хабар беріп отыратын басылымның 100 жылда жеткен жетістіктерін мақтанышпен тарқатты. 
Облыс әкімі Амандық Баталовтың арнайы қаулысы шығып, алдағы маусым айында қос газеттің үлкен тойы өткізілмек. Осыған орай мерейтой өткізу үшін арнайы комиссия құрылып, мерекелік іс-шаралар қолға алынған. Маусым айына дейін атқарылар ауқымды жұмыстың жоспары құрылып, жүйесі белгіленген.  Бүгінгі таңда ұйымдастыру тобы толық қалыптасып, дайындық жұмыстарына қызу кірісіп те кетті. 
Мерейтойға дейін ғасырлық басылымдар тарихынан сыр аңғартатын арнайы кітап басылып, бейнеролик дайындалмақ.  Басшылардың сөзіне сүйенсек, кітаптың мәні мен мағынасы жүзжылдық ғұмыры бар басылымның төл тарихынан бүгініне дейінгі аралықты қамтитын ақпараттардан құралмақ. Сондай-ақ арнайы фотосуреттермен көмкеріліп, басылымда қызмет атқарған тілшілердің мақалалары орналастырылады. Кітапқа енетін материалдар толығымен даяр, ендігі кезекте баспаға жіберу мәселесі кезек күтіп тұр. 
Бейнеролик те сол секілді, газеттің бүгінгі тынысын аңғартып, білікті қызметкерлердің тілшілік шеберлігінен хабар бермек. 
Шыңғыс Өмірғалиұлының айтуынша, мерекелік іс-шаралар осы айдан бастап жүзеге аспақ. Қос газет қызметкерлері алдымен облыстағы 3 қала, 16 ауданды аралап, оқырмандармен кездесу өткізеді. Сондай-ақ басылым беделін әспеттеп, тарихын тереңнен танытатын мәнді шаралар тізімі де толықтырылған. Мәселен, республикалық жазба ақындар мүшәйрасы, оқушы ақындар арасындағы айтыс сынды шаралар көрініс тапса, спорттық ойындардан журналистер арасында спартакиада ұйымдастыру да жоспардан тыс қалмаған. БАҚ ұжымдары арасында спорттық жарыстар өткізіліп, жеңімпаздар қомақты жүлдеге ие болмақ.

Құралбек  СӘБИТОВ

 

Оқи отырыңыз