Жер мәселесі өзекті

Жер мәселесі өзекті

Алматы облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының міндеттері мемлекеттік органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарының сақталуын, Қазақстан Републикасы заңдарының бұзылуын анықтауды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді, жер учаскелерін пайдалану ережелерінің сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру ісінің дұрыс жүргізілуін және жерді ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуден тұрады.

Қазіргі кезде Алматы облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын талқылау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Өздеріңізге белгілі, 2016 жылдың мамыр айында Елбасының Жарлығымен және тиісті заңмен Жер кодексінің жекеленген нормаларына (24, 37, 48, 97, 101-баптарының тармақтары) 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізілді. Атап айтқанда, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді қазақстандықтарға жекеменшікке беруге, шетелдіктерге жер беруге мүлде тыйым салынды. Бұл ретте, Парламент депутаттарының, орталық уәкілетті органдардың, қоғам қайраткерлері мен азаматтық қоғам белсенділерінің қатысуымен арнайы Жер реформасы бойынша комиссия құрылып, тиісті жұмыстар атқарылды. 
Комиссия мүшелері еліміздің жергілікті тұрғындармен өткізілген кездесулердің нәтижесінде берген ұсыныстарын, мәселелердің қоғамдық маңыздылығын ескере отырып, келесі шешімдер қабылдады. Олар ауылшаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру, қазақстандықтарға ауылшаруашылығы жерлерінің жалға берілетін мөлшерін шектеу, шегара аумақтарындағы ауылшаруашылығы жерлерін пайдалану талаптарын күшейту, тұрғындардың жайылым алқаптарына деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету болып табылады. Аталған ұсыныстар негізінде Жер кодексіне өзерістер мен толықтырулар енгізу бойынша Заң жобасы дайындалып, Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Заң жобасы қоғамдық кеңес отырыстарында, басқа да қоғамдық алаңдарда жұртшылықпен, ауылшаруашылығы тауар өндірушілермен кеңінен талқыланғанын атап өту қажет. 
Сонымен бірге, аталған Заң жобасы нормативтік-құқықтық актілердің ашық порталында, Ауылшаруашылығы министрлігінің ресми сайтында 2016 жылдың қараша айынан бастап орналастырылып, оның Мәжілісте қаралу барысы туралы ақпараттар үнемі жаңартылып отырады. Ал енді Заң жобасының негізгі нормаларына толығырақ тоқталып өтейік. 
Біріншіден, ауылшаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі бөлек тәртібі қарастырылып отыр. Жер беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету және жемқорлықты болдырмау үшін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесін бекіту, оны міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісу, жер комиссиясының құрамына 50 пайыз қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін енгізу қарастырылып отыр. Сонымен бірге, конкурстың жариялылығы мен оған барлық қатысушының тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп бойынша конкурс өткізілетіндігі туралы хабарландыру тек аудандық қана емес, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауылшаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. 
Екіншіден, ауылшаруашылығы жерлерінің үлкен көлемде «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында Заң жобасында әр облыстың әкімшілік аудандары шегінде ауылшаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген. Бір қолға берілетін жерлердің мөлшері мәслихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсынысының негізінде Үкіметпен бекітіледі. Бұл шектік мөлшерін айқындау үшін тиісті Есептеу әдістемесі әзірленді. 
Үшіншіден, мемлекеттік шегараның шегаралық белдеуінде орналасқан ауылшаруашылығы алқаптары ешкімге берілмейді, тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Шегаралық аумақта орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе Қазақстан Республикасының құрамында шетелдіктер бар заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Бұл аумақта орналасқан ауылшаруашылығы жерлері тек қазақстандықтарға ғана жалға берілетін болады. 
Төртіншіден, жергілікті тұрғындардың жекеменшік малының саны жыл сайын өсуіне байланысты Заң жобасымен жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында елді мекендердің айналасында жайылым алаңдарын айқындайтын норма көзделуде. Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына жалға беруге тыйым салынатын болады. Сонымен бірге елді мекендер маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткенін ескеріп, әкімдіктерге ол жерлерді қайтару үшін халықтың жайылым жерлерге мұқтаждығын мемлекеттік қажеттілікке жатқызу қаралып отыр. 
Ерекше назар аударатын жағдай – аталған нормалардан бөлек Заң жобасымен ауылшаруашылығы жерлерін беруге енгізілген мораторий шеңберін тек шетелдіктерге ғана емес, 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға кеңейту қарастырылып отыр. Бұл ретте Заң жобасы нормаларының бәрі ауылшаруашылығы жерлерін тек қана қазақстандықтарға беруді көздейді. Аталған Заң жобасы бойынша сіздерде белгілі бір сұрақтар туындаған жағдайда Заң жобасының мәтінімен Ауылшаруашылығы министрлігінің ресми сайтының «Жер кодексі» бөлімінде таныса аласыздар.

М. ЖҮНДІБАЕВ,
Алматы облысының жердің 
пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының 
мемлекеттік инспекторы

Оқи отырыңыз