Ризашылық білдіремін

Ризашылық білдіремін

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жасаған әрбір саяси қадамы Қазақстан халқының болашағы үшін екендігі баршаға аян.

2015 жылы сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» атты ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында Президентіміз: «Сталиндік режимде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, көптеген халық Қазақстанға еріксіз жер аударылды. Вагондардан түсіріп, айдаладағы ауылдарға тастап кете барды. Олардың еш дүниесі, азық-түліктері болған жоқ. Сол уақытта қазақ бауырларымыз, өздері мұқтаж бола отырып, қонақжайлық танытып саманнан салынған  үйлеріне қабылдады, – деп ерекше тебіреніс білдірген еді. Елбасымыз өз басынан өткенін, өз көзімен көргенін мысалға алып еді сол жолы.
Шындығында қазақ даласына жер аударылғандардың қиянат көргені анық. Солардың қатарында күн кешіп, бар қиындыққа төтеп бергенін менің атам мен әжем айтып отыратын. Әжемнің айтуынша, атам өле-өлгенше қа- зақ халқына алғыс айтудан танбапты. Өйткені, атам ес білгеннен өз қатарластарынан тек жақсылық пен адамгершілік көрген. Сондықтан да мен де осындай ізгілік үшін атамның атынан қазақ жеріне алғыс айтуды өзіме азаматтық борыш санаймын.
Еліміз бойынша біздің киелі Қаратал өңіріндегі Бастөбе тауының етегінде тұңғыш рет «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіші орнатылғанын мақтанышпен айта аламын. Былтыр корей этносының Қазақстанға күштеп қоныс аударылғанына 80 жыл толуына орай Оңтүстік Кореядан аға буын өкілдері мен менің замандастарымның келіп, өткен күннің қасіреті мен қуанышын бірлесе еске алды. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісін паш етті.
Жетісу жұртшылығын Алғыс айту күнімен құттықтай отырып, Қазақстанда тұрып жатқан барша корей халқының жалынды жастарының атынан мың өліп, мың тірілген қазақ халқына зор алғысымды білдіргім келеді. Қиын күндерде Қиыр Шығыстан келген корейлерге достық пейіл білдіріп, қолындағы барын бөліп берген аталарымыз бен апаларымыздың рухына басымды иіп, тағзым етемін.

Александр СОН,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті

Оқи отырыңыз