Шегарашы болғысы келеді

Шегарашы болғысы келеді

Ел іргесінің берік, шаңырағының биік болуы Қарулы Күштердің дайындығына, кәсібилігіне тікелей байланысты. Дайындығы мықты, кәсібилігі жоғары әскер Отанның тыныштығы үшін кірпік қақпай қызмет етеді. Сол үшін еліміздің барлық аймақтарында әскерге жарамды жастарды тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай республикалық маңызды шарадан Панфилов ауданы да сырт қалмай, ел мен жердің тыныштығын күзетуді көздеген жастарды есепке алып, тіркеу куәліктерін беруде.

Шыны керек, шегаралық аймақта орналасқан аудан халқының Отанға, мемлекетке деген құрметі ерекше. Соның арқасында ауылдық округтер мен аудан орталығындағы мектептерде патриоттық негіздегі тәрбие сағаттары жиі өткізіліп, өскелең ұрпаққа жан-жақты білім берілуде. Оған аудан басшылығының ықпалы бар. Атап айтқанда, аудан әкімінің орынбасары Роза Мағрупованың көмегімен мектеп бітірушілер арасында әскери қызметті таңдағысы келетін жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Жергілікті әкімшілік тарапынан көрсетілген осындай қолдау мен көмектің арқасында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім әскерге шақырылатын жасқа толған жасөспірімдерді есепке алып, тіркеп жатыр. Қаңтар айында басталған тіркеу жұмыстары кезінде Панфилов ауданында 2001 жылы туған 766 жасөспірім бар екені анықталып, олардың 694-не тіркеу куәлігі берілді.
Еліміздің «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының негізінде жүргізіліп отырған осындай жұмыстар кезінде әскери оқу орнында білім алып, саналы ғұмырын ел мен жердің тыныштығына арнағысы келетін жастардың қатары көп екендігі белгілі болды. Әсіресе, жоғары сынып оқушыларының басым бөлігі шегарашы болғысы келеді. Бұл біріншіден шегаралық аудан болғандықтан шығар деп тұжырымдап отырмыз. Дегенмен, әскери оқу орнына құжат тапсырғысы келетін балалардың ең алдымен денсаулығы мықты, білім деңгейі жоғары болуы тиіс екендігін хал-қадерімізше түсіндірудеміз. Онда да жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын үздіктер ғана таңдалатыны айтылады. Жалпы, әскери оқу орындарына қатысты түсіндіру жұмыстары маусым айына дейін жалғасады.

Марат ТАЙБОЛАТОВ,
Панфилов аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы, подполковник

Оқи отырыңыз