Отаншылдық рухта тәрбиелейміз

Халқымыздың «Отан – отбасынан басталады» деген тәмсілін аз-кем өзгертіп айтар болсам, бүгінгі күні «Отан – мектеп табалдырығынан басталады». Өйткені ұстаздарының Отанға, мемлекетке, туған жерге деген ыстық ықыласы мен шынайы ниетін көрген оқушылардың сана-сезімінде үлкен сілкініс, жауапкершіліктің оянары анық. Оның дәлелін күнделікті өмірден көріп жүрміз.

Қазақ-қырғыз шекарасына жақын тұстағы биік таудың етегінде орналасқан біздің ауыл қазақылығынан айрылмаған, ата-баба салтынан жерімеген ауыл. Соның әсерімен болар, ата-анасынан алған үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрінен аттамайтын оқушыларымыз әскери дайындық пәнінде айтылатын мәліметтер мен деректерге асқан қызығушылық танытып, білуге деген құштар- лығын көрсетіп отырады. Осындай құлшыныс ұстаздар қауымының да дайындығына әсер етіп, сабақты заманауи үлгіде өткізеді. Мұны өз басымдағы жағдайға байланысты айтып отырмын. Бүгінгідей ғылыми технология аршындап дамыған тұста келешегіміздің кепілі жастарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етпеу қиянат болар еді. Соған орай оқушыларымды отаншылдық рухта тәрбиелеуге баса назар аударамын.
Бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі ретінде ауылдарда оқушылар санының аздығын айтуға болады. Бұл күллі Қазақстанға тән құбылыс болса керек. Біздің ауылда биыл мектеп бітіретін 11-сынып оқушылары бар-жоғы 19 ғана бала. Оның алтауы – ұл. Ал, 10-сыныпта оқитын 13 баланың алтауы ғана ұл. Солардың арасында биылғы жылы әскери тіркеуге алынуы тиіс 2001 жылы туған ұлдар төртеу. Үшеуі 11-сыныпта, біреуі 10-сыныпта оқиды. Олардың бәрі де аудандық әскери комиссариатқа есепке алынып, тіркелу куәлігін иеленді. Бүгінгі әскери өмірдің дерегімен қаруланған жастар өмір жолын таңдауда адаспайды деп сенемін. 

Димаш Алтыбаев, 
Қапез Байғабылұлы атындағы орта мектептің
алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі
Тоғызбұлақ ауылы,
Райымбек ауданы 

 

Оқи отырыңыз