Жаныңа жақын кәсіп таңда

Жаныңа жақын кәсіп таңда

Белгілі бір кәсіппен айналысып, нәсібін сол істен тауып отыр­ған жандарды көргенде іштей риза боласың. Мұндай азаматтардың саны қазір аз емес. Олардың қатарында ел экономикасының көтеріліп, әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізіп жүрген қыз-келіншектер де бар. Осы арқылы өздерінің де отбасын асырап, өзгелердің де еңбекпен қамтылуына мүмкіндік туғызып отыр. Осындай адамдардың қам-қарекеті мен тіршілігіне қарап қызығатындар көп. Сондықтан, екінің бірінің тісі батпайтын істің қиюын келтіріп, шаруасын дөңгеленткен жандарды қалай мақтасақ та жарасады.

Кәсіпкерліктің пайда болуы

 

Жалпы, кәсіпкерліктің қалай пайда болғанын ой таразысына салып көрейікші. Деректерге сүйенсек, оның дамуы орта ғасырдан бастау алыпты. Сол кездің өзінде кәсіпкерлерді көпес, саудагер, қолөнер шебері деп атаған.

Саланың алғаш даму сатысында-ақ өз істеріне, жасаған бұйымдарына иелік етіп, кәсіпорындар аша бастаған. Акционерлік капитал, акционерлік қоғам, акционерлік банктер де он алты, он жетінші ғасырларда пайда болған көрінеді. Ал кәсіпкер дегеніміз кім? Ол – меншік иесі және өз жұмысының жандануы үшін кез келген істе тәуекелге бел буатын адам. Басты капиталы ұшқыр ой, тұтынушы талғамынан шыға білу мақсаты. Сала адамды жаңа ізденіске бағыттап, жаңалықтарды жүзеге асыруда алға жетелейді. Орайы келген оңтайлы іс қана оған табыс әкеліп, пайдаға кенелтеді. Десек те бұл шаруамен айналысу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, қандай да бір істі бастағанда әртүрлі кедергілер мен қиындықтардың кездесетіні рас.

Дана халқымыз «Өз жаныңа жа­қын кәсібіңді тап, сонда ғана жетістіктерге жетесің» деп бұған да ерте кезден мән берген. Қалай десек те кәсіп ашу айтуға жеңіл көрінгенімен оңай жүзеге асатын жұмыс емес. Оған да көп күш-жігер, еңбек, төзімділік қажет. Кейде қолында қаражаты, кепілге қоятын мүлігі жоқ, бірақ белгілі бір кәсіппен шұғылданып, іс ашқысы келетіндер оны неден бастап, қалай жүзеге асыру керектігін, осы тұрғысында кімнен кеңес алу қажеттігін білмей жатады.

Осы тұрғысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акцио­нерлік қоғамы облыстық филиалының бас менеджері Жандос Нұрғазинов:

– Алдымен «Даму» қорына келіп, қандай бизнеспен айналысқысы келетінін жеткізуі тиіс. Бізде ол үшін арнайы мамандар қызмет көрсетеді. Бизнесті неден бастап, қай бағытта жүргізу керектігін жан-жақты түсіндіреді. Бұдан соң болашақ кәсіпкердің ойын жүзеге асыруда кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Онда кәсіп ашып, жүргізу, бизнес-жоспар құру, қаражатты тиімді пайдалану, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер, тағы басқалары жөнінде жан-жақты айтылады. Қандай іс бастаса да алдымен қаражат керек. Ал оны қайдан алуға болады? «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасына сәйкес кәсібін жаңадан бастағандарға 20 миллион теңгеге дейін «Сбербанк» АҚ, «Халық Банк» АҚ, «БанкЦентрКредит» АҚ, «KassaNova» АҚ сияқты екінші деңгейлі банктерден несие алуға мүмкіндіктері бар. Сонымен бірге «Даму» қоры банктен алған несие бойынша сыйақысын жеңілдетеді. Мысалы, кәсіпкер банктен 19 пайызбен 1 млн. теңге көлемінде несие алса, соның 10 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды, қалған 9 пайызын кәсіпкер өзі өтейді. Бұл несиені алу үшін кепілзат қажет, ал ол болмаған жағдайда, аталған бағдарламаға сәйкес несие сомасынан мөлшері 85 пайызға дейін «Даму» қорының кепілдігін алуға болады. Шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер 360,0 миллион теңгеге дейінгі несиеге 50 пайыз, өңдеуші-өнеркәсіп салалары бойынша жобаларға 1850,0 миллион теңгеге дейінгі несиеге 20 пайыз кепілдік ала алады. Бұдан бөлек мемлекеттік гранттар ұсынылады. Кәсіпкерлерге берілетін гранттың ең жоғары сомасы 3 миллион теңге. Бұл қаражат шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, әйелдерге, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен жасы елуден асқан адамдарға өтеусіз және қайтарымсыз беріледі, – деді.

 

Бизнеске арқа сүйейді

Батыс елдері бизнесті өнер деп бағаласа, шағын бизнесті өсу үстіндегі балаға теңейді. Жалпы, әлемдегі өркениетті елдердің қай-қайсысын алып қарасақ та өздерінің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешу үшін кәсіпкерлікке арқа сүйейді.

Себебі, ол халқының әл-ауқатының жақсарып, қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Сол себепті өркениетті мемлекеттер шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын ерте түсінген. Мәліметтерге жүгінсек, Америкада жалпы ұлттық өнімнің елу пайызынан астамы және ұлттық жұмыс күшінің 2/3 бөлігі шағын кәсіпкерлікке тартылыпты. Аталмыш мемлекетте шағын кәсіпкерлік ел экономикасын оңалтуда айрықша рөл атқарады. Бұл үшін оларда елуінші жылдары құрылған шағын бизнес әкімшілігі жұмыс істейді. Бұл қызметтің мәні сол – тұтынушыға бағытталған бағдарламалар қалыптастыру және кәсіпкерлер қоғамдастығын барлық жаңалықтан хабардар ету.

АҚШ-та шағын бизнес жақсы дамып, барлық америкалық фирмалардың 99 пайызын құрап отыр. Бұлардың негізгі бөлігі ұсақ, отбасылық немесе жеке кәсіпорындар болып табылады. Ал Жапонияда жаңа жұмыс орындарын құру мен жаңа технологияларды дамытуда маңызды рөл атқаратын жаңа кәсіпорындарды ынталандыруға ерекше мән берілген. Осы мақсатта төмен пайыздық несиелер мемлекет кепілдігімен ұсынылып отырады. Өркениетті елдерде жастарды кәсіпкерлікке баулу мәселесі де әу бастан оң жолға қойылған. Мәселен, оларда алдымен бизнес үдерісінде жас азаматтардың құқығын қорғау көзделген. Жастардың кәсіби дамуына көмектесіп, жобаларына қолдау танытады және мол мүмкіндіктер туғызу сынды мәселелерге ерекше ден қойылған. Сонымен бірге әртүрлі инновациялық қадамдар, тәжірибе мен ғылымның заманауи жетістігі кеңінен пайдаланылатын көрінеді. Австрияда да бұл салаға баса мән берілген.

Ондағы федералдық палата жанынан құрылған «Австрияның жас экономикасы» атты арнайы ұйым жұмыс істейді. Соның шеңберінде кәсіпкерлікті жаңа бастаған жастарға кеңес беретін орталық қызмет көрсетеді. Онда жеке кәсіп ашуға қажетті құқықтар мен нақты ұсынымдар беріледі. Бұл үрдіс Германияда да жақсы жолға қойылып, жастар бағдарламасын жүзеге асыру тетіктері тиімді реттелген. Аталған мемлекет жастарға нақты көмек беруге үлкен мүмкіндік туғызу арқылы көш бастап тұр. Мұнда жас кәсіпкерлердің бірнеше ірі бірлестіктері жұмыс істейді. Ал біздің елде көбіне еңбек өтілі жоқ жастарға ірі мекемелердің есігі жабық. Кез келген адамды жұмысқа қабылдамас бұрын алдымен жұмыс тәжірибесінің бар-жоқтығына назар аударылады.

Францияда осыдан біраз жыл бұрын «Жаңа қызметтер, жаңа жұмыс орындары» атты бағдарлама енгізілген көрінеді. Мақсаты – еңбек өтілі жоқ жастарға кем дегенде бес жыл бойы тұрақты жұмыс орындарын ұсыну. Сонымен бірге кейбір салаларда жетіспей жатқан жұмыс күшін толықтыруға ықпал етеді. Осылайша, алпауыт елдерде де жастар кәсіпкерлігін қолдаудың жүйелі тетігі қалыптасқан.

 

Қанат жайып келеді

Деректерге сүйенсек, кәсіпкерлікпен айналысу Қазақстанда да ерте кезден басталыпты. Десек те халқымыз көшпелі ел болғандықтан бұл іспен еркін айналысу мүмкін болмаған.

Жалпы, мемлекетімізде шағын кәсіпкерлік саласы 1988 жылдан дами бастады. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға байланысты бірқатар Заң қабылдап, сол жылдары кәсіпкерліктің дамуына «Қазақстанда кәсіпкерліктің дамуы мен шаруашылық қызметтің еркіндігі туралы», «Жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау туралы» Заңдар түрткі болды. Ал шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты шаралар Елбасының 1997 жылы қабылдаған «Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді жеделдету шаралары» атты қаулысынан басталды. Одан кейін «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңдар қабылданды.

Шағын және орта кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау үшін қаржылай және ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында Елбасы «Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың басымдықтары мен аймақтық бағдарламалары туралы» Жарлық шығарды. Жолдауда да кәсіпкерлікті қаржылай қолдау мен түрлі кедергіні жою мәселесіне ден қойылды. Содан бері бұл үрдіс өз бағытынан таймай, ретімен жүзеге асырылып келеді. Өйткені, экономикасы нарықтық бағытта дамып келе жатқан Қазақстан үшін кәсіпкерлік саласын жетілдіру маңызды мәселелердің бірі саналады. Ұмытпасақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында алыпсатарлықпен айналысқан саудагерлерді кәсіпкер деп ойлайтынбыз. Алғашқы кездері қазақстандық тауар өндірушілер тауық етін сырттан әкеліп сататын.

Осы арқылы тауық етінің тұтынушыға қаншалықты қажет екені аңғарылды. Кейіннен оны сырттан тасығанша өзімізде өсіріп, өнім өндірудің пайдалы тұстарын түсінді. Осылайша құстар өз елімізде бағылып, отандық тауар өндіріле бастады. Нәтижесінде жаңа еңбек орындары ашылып, талай адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туды. Кәсіпкерлік бойынша мұндай жағдайды кез келген сала бастан өткерді. Бүгінде жеке басының ғана күйін күйттемей, өзгенің де жайын ойлап, екі қолға бір күрек тауып берген кәсіпкерлерді адал еңбек иесі деп бағалаймыз. Осыдан-ақ біздің мемлекетте де кәсіпкерлікке деген қоғамдық көзқарас­тың өзгергені байқалады. Үкіметіміз, Елбасының тапсырмаларына сәйкес, кәсіпкерлікті дамытуға шындап ден қоя бастады. Статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары ел еншісіне бұйырған шағын және орта кәсіпкерліктің керегесі кеңейіп, табыс мөлшері артқан.  

Саламен айналысатындар легі көбейіп, жеке кәсіпкерлер саны өскен. Тек облыс орталықтары мен ірі қалаларда ғана емес, сондай-ақ ауыл-аймақтар мен шалғай елді мекендерде де кәсіпкерлікпен айналысуға деген ұмтылыс күшейген. Кәсіпкерлік бойынша ауылшаруашылығы саласында да алға жылжу бар. Мысалы, ауылдықтар көбіне мал бағып, егін егуді, бау-бақшамен айналысып, жылыжайларда көкөніс, жеміс-жидек, басқа да дақылдар өсіруді, наубайхана ашып, нанның небір түрін пісіруді қолға алған. Осының бәрі жергілікті халықты тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал етіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен көмектердің арқасы екенін айтқан орынды.

 

Бағдарламаның басым бағыттары

Алпауыт мемлекеттердің өзі экономиканың қозғаушы күшіне айналған шағын және орта бизнес саласының жетілуіне қолайлы жағдайлар жасап, кәсіпкерлерге қолдау танытып отырғанда дамуға бет алған Қазақстанның да бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстары аз емес.

Бұл, ең алдымен, ел нарығын жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдермен толықтыруға жол ашып отыр. Елге берер шарапаты мол игі істерді жүзеге асыруға арнайы бағдарламалар жасалып, бүгінде ол ретімен жүзеге асырылып келеді. Соның бірі «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы деуге болады. Саланың жан-жақты жетілуіне аталған бағдарлама айтарлықтай үлес қосып отыр. Айта кетейік, кәсіпкерлерді қолдау және олардың ісін дамыту бағытында жүзеге асырылып келген салалық бағдарламаларды біріктіру мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке бизнес-ахуалды жақсартуға бағытталған бірыңғай бағдарлама әзірлеуді тапсырған еді.

Осыған байланысты Үкімет «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасын бекіту туралы қаулы қабылдады. Бірнеше жыл қатарынан жүзеге асырылып келген «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы жаңартылып, ендігі кезекте «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнес­ті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы деп аталатын болды. Жаңарған бағдарламаны жүзеге асырудағы қаржы агенттігі «Даму» қоры, ал оператор «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Бұл орайда «Даму» қоры банктер мен лизинг компаниялар арқылы алынған несиелерді субсидиялау, банктердің жеке кәсіпкерлік субъектілерін кепілдендіру құралдарын, сонымен қатар шағын және орта бизнес топ-менеджментін оқыту сияқты қаржылық емес жобаларды қамтамасыз етеді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асырудағы негізгі мақсат – кәсіпкерлікті дамыту және өсіру, өңірлерде жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу. Бір сөзбен айтқанда, осы бағдарлама арқылы кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын ұлғайтып, кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын кеңейту мен бәсекеге қабілетті жаңа өндіріс орындарын құру мүмкін болмақ. Сонымен бірге шетел валюталары бағамының құбылуына байланысты валюталық тәуекелдердің несиелерге әсерін тигізбеуге мүмкіндік бермек. Талаптары мен шарттары, тіпті атауына дейін жаңартылған жаңа бағдарлама бұған дейін де жұмыс істеп келген бағдарламамен салыстырғанда бизнесті қолдаудың әлдеқайда қолжетімді тетіктерін қысқа мерзімде ұсынуға жол ашып отыр. Жалпы, осы бағдарлама арқылы шағын және орта бизнес саласына халықты көптеп тарту жағы көзделген.

Бағдарлама төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі – жаңа бизнес жобаларды қолдау. Негізінен ол ауылдық жерлер мен шағын және моноқалаларда тұратын кәсіпкерлерге, кәсіп ашып, ісін дамытқысы келетіндерге арналған. Осыған орай аталған елді мекендердің тұрғындары үшін ешқандай салалық шектеу болмайды. Екіншісі – салалық қолдау. Бұл бағыт бойынша мемлекеттік қолдау экономиканың басымдық берілген салаларындағы кәсіпкерлерге, сондай-ақ, «Үдемелі индустриялды-инновация­лық даму» бағдарламасының екінші бесжылдығы аясындағы өңдеу өнеркәсібі салаларына беріледі. Үшіншісі – валюталы тәуекелдерді болдырмау. «Даму» қоры бұдан әрі валюталық несиелерді, яғни табысының он пайызы валюта түрінде болатын кәсіпорындардың несиелерін субсидиялайды.

Бұл орайда, пайыздық үстемеақы қор тарапынан бекітілетін болады. Жаңарған бағдарламаның төртінші бағытында қаржысыз көмектер көрсету қарастырылған. Яғни, оған кәсіп ашуға ынталы және шаруасын жүргізіп отырған кәсіпкерлер қатыса алады.

Сонымен бірге, билік пен бизнес арасындағы байланыстарға дәнекер болып, кәсіпкерлікке қатысты жаңа заңның жасалып, қабылдануына, кәсіпкерлерді қолдауға, олардың құқығын қорғап, әкімшілік кедергілерді жоюға, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, бизнесті сервистік қолдауға, бір сөзбен айтқанда шағын және орта кәсіпкерліктің кең қанат жаюына көмек қолын созып отырған кәсіпкерлер палатасының да қосып жатқан үлесі зор. Олардың елді мекендерде кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары жұмыс істейді.

Онда ауыл тұрғындары үшін түрлі кәсіпкерлік нысандар ашуға қажетті құқықтық және басқа да кеңестер алуға тиісті жағдайлар жасалған. Білікті мамандар бизнесті бастаудың қыр-сырын үйретумен қатар кәсібінің есеп-кітабын қалай жүргізу керектігіне дейін түсіндіріп береді. Бұған қоса, заң аясында әрекет етуге, бизнесінің болашағын жасауға жөн-жоба көрсетеді. Осындай мүмкіндіктердің арқасында халықтың өзі де кәсіпкерлікпен айналысудың тиімді тұстарын түсіне бастағандай. Аталған бағыттардағы шаруа қазір Жетісу өңірінде де табысты жалғасып келеді. Қазіргі кезде облыста көптеген кәсіпкер мемлекет қолдауының арқасында істерін кеңейтіп, жұмыстарын жандандырып жатыр. Мұндай адамдарды елдің кез келген түкпірінен кездес­тіруге болады.

 

Сала көрсеткіші

Айта кетейік, өткен жылы облыста шағын және орта бизнестің даму үрдісі жаман болған жоқ. Соның арқасында жаңа еңбек орындары ашылып, талай адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туды.

Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының берген мәліметіне жүгінсек, статистика агенттігінің деректері бойынша облыста қаңтар-маусым айы аралығында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 155,2 мың бірлікті құраған, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 129,7 пайыз. Қаңтар-наурыз айында 137,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, қаңтар-маусымда бюджетке 24,2 млрд. теңге көлемінде қаражат түскен.

Биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджет есебінен 5 млрд. 386 млн. 861 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Аталмыш бағдарлама шеңберінде бесінші тамыздағы жағдай бойынша Өңірлік Үйлестіру кеңесі отырысында жалпы сомасы 22 631, 2 млн. теңге болатын 170 жоба қарастырылып, мақұлданыпты. Алты жүзге жуық жаңа жұмыс орындары құрылып, үш мыңнан аса еңбек орындары сақталған. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының екінші бағыты «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру» бойынша шағын несие беру үшін 5 млрд. 833 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Түйін:

Жалпы, осы салада білім мен тәжірибені ақшаға айналдырып, табысқа кенелгендер ешқашан ақшаның соңына түспеуді, керісінше, ол сені іздеп табатындай кәсіп қылу қажеттігін айтады. Сонда ғана ойға алғандар орындалып, мақсат-армандарға жетуге болатынын, ол үшін алдымен білім мен еңбектенудің маңызды екенін алға тартады. Әрине, бұл бірінші кезекте көп уақытты, ізденіс пен мол тәжірибені және сабырлылықты қажет етеді. Көбісі осы жағына мән берместен кәсіпті емес, ақша табудың жолдарын іздестіріп кетеді. Мұндай істің ұзаққа бармасына көз жеткізгендер де аз емес. Бұл ортада өз білімінің жетімсіздігі мен даму бағытындағы тәжірибесінің жеткіліксіздігін мойындағысы келмейтіндер де бар. Десек те адам баласының алмайтын асуы, бағындырмайтын биігі болмайтынын ескерсек, оған жету мүмкіндіктері өте үлкен. Бүгінде оны уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

 

Айгүл Байбосынова.

 

Оқи отырыңыз