ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ

ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ

    «Бала естігенін айтады, көргенін істейді», – деп қазақ халқы бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилеріміз ата-анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады.

 

    Балабақша – баланың жүйелі түрде білім-тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға байланысты.
   Ұстаз – киелі мамандық. Ол елдің ертеңгі  ұрпағын тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу,  оған ғылым негіздерінен мағлұмат беру, баланы өмір сүруге икемдеу, адами қылықтарды бойына дарыту – оңай шаруа емес. Тәрбиеші – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос және бала жанын бағамдар психолог болуы керек.
   «Тәрбиеші адам – тағалы атпен тең», деп халық даналығында текке айтылмаған.  8 жылдан бері тәрбиеші болып жұмыс істеп келемін. «Нұршуақ» балабақшасында жүз жиырма бала тәрбиеленуде. Мұнда әртүрлі ұлттың балалары бар. Олардың жас шамасы үш жастан бес жасқа дейінгі аралықта. Балабақшада балалармен әртүрлі қызықты ойындар ұйымдастырылады, коммуникативтік, шығармашылық, таным, денсаулық, әлеуметтік бағыттар бойынша сабақ өтеді. Осы орайда бүлдіршіндеріміз әр мерекелік іс-шараға белсене атсалысып, өз өнерін көрсетуге тырысады. Олардың ішінде әнші, биші, бояушы, сызушы балаларды байқауға болады.
   Кішкентай балалар тәрбиеші көмегімен киініп, жуынып, сүртінеді, бір-біріне көмектеседі, «рахмет, кешір, өтінемін» сөздерін айтып отырады. Осылайша мейірімділіктің негізі қаланады, немқұрайдылықтың пайда болуына, құрбыларына, үлкендерге қалай болса солай қарауға жол берілмейді. Тұрмыстық қызметте топтағы ойыншықтарды жинау, оларды ұқыпты пайдалану, бөлмені таза ұстау да назардан тыс қалмайды. Ұйымдастырылған оқу қызметіне қажет ермексаз, тақтайша, қылқалам, т. б дайындауға көмектеседі. Осылайша біз бүлдіршіндерімізді қайырымдылыққа, кішіпейілділікке шақырып, жақын адамдарына қамқор болуға үйретеміз.
   Әрбір жасалған істен кейін «Жарайсыңдар, балалар! Тобымыз немесе ойын алаңымыз қандай сәнді болып қалды, бәрекелді!» деген сөздерді есту арқылы жасаған еңбектерінің дұрыс екеніне көз жеткіземіз. Ұжым болып жұмыс істей білуі, ұқыптылық, ізденімпаздық, аяушылық, қамқорлық, сезімдерін бойына сіңіруі аса маңызды. Осылайша ұлтымыздың ұлағатты ұрпағын балабақшада тәрбиелеп жатырмыз.

Жұмагүл Толымбекқызы,
«Нұршуақ» балабақшасының тәрбиешісі
Қызылағаш ауылы,
Ақсу ауданы

Оқи отырыңыз