Мерейлі күннен бір мезет

Мерейлі күннен бір мезет

Құдды туған жеріне асыға жеткен жыл құсындай ентігін баса алар емес. Оның айпара жүзінен төгілген сағынышқа толы мөлдір мұң бірден көзге ұрады. Жақындай түссең, асқақ сезіммен астасып бауырына тартатындай. Ішімнен «Бұл кім?» деймін. Осында жетуге асыққанына қарағанда айтары бар оқырманның бірі шығар. Әйтпесе несі бар?!

Осы оймен жақындап қалған бейтаныс ағаға атам мен әжемнен, әкем мен анамнан қалған өрелі өнегені шыңдай түскен абыз «Жетісуымның» көрсеткен жолымен «Ассалаумағалейкүм» деп қос қолымды ұсындым. Амандығымды алып өтіп кететіндей көрінген тұлғасы таудай, кең маңдай, ашық жүзді ағам құшағын ашып, бауырына басқанда бейне бір алыстан атасын сағынып келіп, алып кеудесіне еніп кеткендей немеренің күйін кештім. Осы сәтте газеттегі ағаларым да қарсы алдынан шығып, елпілдей келіп амандығын сұрап, ерекше құрмет көрсетіп жатыр. 100 жылдыққа арнайы келген ақсақалдың бірі екенін біліп тұрсам да, кім екенін жыға танымай тұрмын. Көппен бірге қолпаштап, бас редактор Әміре Әрін ағамыздың бөлмесіне кірдік. Ағалардың алғаусыз көңілмен емен-жарқын амандасқанынан кейін редактордың орынбасары Жұматай Оспанұлы алып денелі ағамен бірге ентелей енген жастарға қарата: «Бұл кісі Желтоқсан көтерілісі кезінде жазықсыз жала жабылып, тәуелсіздік үшін жастық жанын қыюға жайын қазақтың қайсар ұлдарының қасқайып тұрған суретін «Жетісудың» бетінде жариялағаны үшін қудаланған ағаларың. Тәуелсіздікпен таразыласақ, ұлтымыздың батыр ұлының бірі», – дегенде алдынан шыққан аға демей, бала демей бауырына баса беретінін енді түсінгендеймін. Желтоқсанда басын қатерге тіккен журналистиканың ардагері Мамадияр Жақып ағамыз үшін бар қазақ бір қазақ екен ғой. Бәрін бірдей құшағын ашып, бауырына басқаны ұлтына деген шексіз махаббат екен ғой деп түйдім. 
Иә, бұл орны бөлек мереке. Бұл күн ғасырға толған «Жетісу» газетінің туған күні. Бұл күн – аса елеулі күн! Әсіресе, қазақ қауымы үшін, қазақ баспасөзін құрметтер ел үшін бұйдасы бөлек мейрам. Біз жылдар бойы осы сәтті асыға күттік. Ақыры келіп жетті. Бабалардың аманатын абыроймен көтерген ата басылымның беделі бес атанға жүк болды. Бағы мен бабы қатар шауып, өрісі кеңейді. Жемісі қалың мәуелі мекенге, қаламгерлердің қайнаған ұстаханасына айналды. Бұл оған уақыттың берген бағасы.
Алыстан ат терлетіп келген үлкенді-кішілі қонақтарды алдымен газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстыруды қамдадық. Ондағы мақсат ардагер журналистер мен арнайы шақырылған қонақтарға тойдың беташарын журналистердің қара шаңырағынан бастап, қазақы пейілімізбен дастарқан жайып, дәм таттқызу еді. Ғасыр жасаған газеттің өткені мен бүгініне шолу жасау. Редакцияның ішіндегі бөлімдерді аралатып, өткен күнге сапарлату. Әрбірден соң ескі күндерін еске алып, емен-жарқын әңгімелессе деген ой. Өздері де осыны қалайтыны анық. Айтқандай-ақ, ардагер журналист Мамадияр Жақып бастаған газеттің байырғы қызметкерлері өткеннен сыр алысты. Заман талабына сай бой түзеген басылымның бүгінгі келбетіне таңдай қақты. 
– Жетісу құтты мекен. Сол кездегі балаң махаббаттың ақ желкені жетелеп осыдан жиырма жыл бұрын «Жетісу» газетіне алып келді. Бұл шаңырақ талай жайсаңдар мен жампоздарды баптаған үлкен ұстаз. Қарымды қаламгер боламын деген әрбір жан сол уақыттарда  алдымен «Жетісу» газетіне бас сұғатын. Жас журналистер топырлап жүретін. Біздерден ақыл-кеңес сұрауға өте құштар еді. Білмегендерін үйренуге тырысатын. Солардың көбі, міне, бүгін газеттің абыройын асқақтатып жүр», – дейді газеттің бұрынғы редакторы Жақыпжан Нұрғожаев. Жаңа ғимараттан орын тепкен «Жетісудың» келбеті ол кісіні желпінтсе керек. Жаңадан келген жас журналистерге ақ батасын берді.
Алғаш Сабыржан Шәкіржанов басқарған «Жетісу халық ісші мұқбірі» газеті қаққан тәуелсіздік қоңырауының үні ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, енді дербес ел болған Қазақ мемлекетінің рухын оятты. Арыстарымыздың арманы қалған жерде қайта жаңғырып, жұртымен тұтас жасады. Тарихы терең, халқымен шынайы мың өліп, мың тірілген «Жетісу» газеті қалған тағдырын елімен бірге жүріп жасамаққа ниет ететіні күмәнсіз. 
«Жетісу» былайғы тұста ұлтының қоғамдық-саяси ой дамуы мен әдеби, мәдени өмірінің шежіресі. Ол өз халқымен дидарласуға қадам жасады және таза пиғылмен есік ашты. Тағдырдың не бір қиын тауқыметін бастан өткере жүріп, өз халқына ниеті адал, ұлтының саналы үні болған басылымның айтары әлі көп. Бүгінгі ұрпақ газет жұмысына кезінде оқтай зырлап, қардай борап, тер төге жұмыс еткен Сара Есова, Хасен Өзденбаев, Сабыр Айтхожин, Ораз Жандосов, Әбдуәли Қарағұлов, Пернебек Бейсенов, Баймолда Мұса, Заманбек Нұрқаділов, Сарбас Ақтаев сияқты бұрынғы ата-баба еңбегіне ізетпен алғыс айтуға тиіс. Аттары аталған жайсаңдарымыз сол тұста газеттің тұрақты авторлары болуымен бірге басылымның ел арасына кең тарауына меценат та бола білген зиялылар.
Бұл үлкендердің айтқан әңгімесі. Газеттің басына аяқасты бұлт үйірілген шақтар да аз ұшыраспаған. Бір мысал. Желтоқсан оқиғасынан соңғы зобалаңға бас редактор Мамадияр Жақып ағамыз да іліккен еді. Бар айыбы, жоғарыда айтқанымыздай, ҚазТАГ фототілшісі түсірген жазаға ұшыраған “желтоқсандықтардың” суретін газетке басқандығы. Сол сұсты заманда мұндай қадамға бару басылым басшысының намысы тасқайрақ нағыз ұлт перзенті екендігін паш етеді! Өзі бұл жайтты былайша еске алады: «Ол кезде обкомды М. Меңдібаев басқаратын. Бізге қатысты шығарылған қаулы бойынша «халық жауына» жақындап қалғанымыз анық. Маған шығарылған үкім: «Саяси қырағылығынан айырылған және газетте оқырманның ашу-ызасын қоздыратын идеялық зиянды суреттерді жариялауға апарып соқтырған саяздық көрсеткені үшін «Жетісу» газетінің бас редакторы М. Жақыпов КПСС мүшелігі қатарынан шығарылсын және қызметінен босатылсын!». Осы әңгімені естігенде біз көрмеген солақай саясаттың қай жақтан жел соқтырғанын балаң жүрегімізбен ұға қойдық. 
Әлқисса, қазақтың туған күнге не той-томалаққа сыйлықсыз келмейтін әдеті ғой. Журналистер үйінде республикалық «Жас Алаш» газетінің ұжымы бас редакторымыз Әміре Әріннің иығына шапан жапты. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан картина табыс етті. «Жетісудан» түлеп ұшқан ардагерлер «түлектер кітапшасына» өз қолтаңбаларын қалдырып, ақ тілектерін арнады.
Келген қонақтардың ішінде ақын Шекербек Сәдіханов та болды. Ол кісі зарлы заманның түнегінде қалып қоймай, биікке өрлеген басылымның жолының болғыштығын тілге тиек етті.
– Қазақ аспанын қара бұлттай торлаған қара түнек патшалық дәуірде дүниеге келген «Жетісу» өзі өмір сүрген100 жыл ішінде талай күрделі құбылыстардың, қоғамдық сілкіністердің куәсі болды. Бір емес, бірнеше ұрпақтың ғұмырына жетерліктей оқиғаларды басынан өткерді. Тарих үшін қас-қағым деп те айтуға келмейтін уақыт аралығында талай өзгерістерді басынан кешірді. Мен ойлаймын «Жетісу» уақытпен қатар жасайтын басылым, – деді ол. 
Оның сөзін іле жалғаған Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев:
–  «Жетісу» газетінің дәстүрін жалғастыруды ниет етуші басылымдар да табылады. Бірақ бұл басылымның орны ерек. Оның ешқандай басылыммен таласпақ ойы жоқ, бәсекеге де түспейді. «Жетісудың» мақсаты – айқын, ұстанымы – берік, жүрегі – адал, қызметі – халыққа, тілегі – ұлттық мінез, тілінің, дінінің, ділінің сау, өсіп-өркендеуіне үлесін қосарына сенімдімін. Осы ретте «Жетісу» газеті сөз жоқ оқушыларына арқа сүйейді, аталы жұрт, ауқымды миллетіне иек артады, – деп ақтарылды.  
Жүректің төрінен орын ала білген «Жетісу» жанашыр оқырманымен әрдайым бірге! Ол, о баста әр қазақтың шаңырағынан табылам деп өмір есігін ашты. Содан бері апта үзбей әр әулеттің ақеділ досына айналды. Басылымның бүгінгі ныспысы «Жетісу». Оны халық аталы жұртымыздың, асқақ ұлтымыздың алдаспан аты деп қойған. Енді ғұмыры мыңжылдықтарға созылсын десек, сіз болып, біз болып басылымның дамуына үлес қосайық. Сонда ғана еңсесі биік, іргесі бүтін болмақ. «Құдай сәтін салсын «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік. Бұдан артық аталы сөз, дуалы уәж болмас. Біздің ұстаным да осы, бола береді де!

Мұхтар КҮМІСБЕК

Оқи отырыңыз