Талдықорғанның тазалығына тәнтімін

Талдықорғанның тазалығына тәнтімін

Құрметті Амандық Ғаббасұлы!
Мен Ақтөбе қаласынан келген қонақпын. Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласының ерекше сұлулығына, жанға жайлы әрі мұнтаздай тазалығына тәнті екенімді жазғым келеді. Кез келген үйдің ауласына бас сұқсаңыз, шуылдасып, шат-шадыман болып жүрген балаларды кезіктіресіз. Балаларға арналған алаңқайларды көріп, ересек болсақ та, біз де ойнап кеткіміз келеді. Әсіресе, Самал ықшамдауданы, 40 үйдің ауласы керемет көз тартарлық.

Құлаққа ұрғандай танадай таңғы тыныштық. Дәл осы кезде таңғы сұлулықпен бірге аула сыпырушылардың қауырт жұмысы басталады. Мен іргедегі қоқыс жәшігін күнделікті бақыладым. Жәшікке қашан көз салсаң да тап-таза, ретті. Артық шашылып жатқан қалдықтарды көзің шалмайды. Подъездердегі тазалыққа да жаның сүйінеді. Маңайдағы көрші-қолаңмен тілдескенімде бәрі сіздің есіміңізді ерекше құрметпен атап, алғысын жаудырып жатыр. Мен де талдықорғандықтардың осындай ізгі тілегіне қосыла отырып, өзіңізге қонақ ретінде ниеттес екенімді білдіргім келеді. Сіз өзіңіз тұратын қала мен оның тұрғындарына барлық жағдайды жасап отырсыз. Мен өз қалам Ақтөбені төмендеткім келмейді, әрине. Алайда біздің өңірдің сіздерден үйренері көп екенін жасыра алмаймын.
Бәрі адамның өзіне байланысты. Сіздің қаланың тұрғындары өзін-өзі бағалай алуымен сыйлы деп ойлаймын. Мен Талдықорған қаласында қонақта жүргеніме бір ай болды. Бірақ қайту туралы ойлағым келмейді. Тағы бір айта кететін нәрсе, қалалық қоғамдық көліктердің жұмысы да көңілден шықты. Мен № 24, 25, 8, 1 бағыттағы автобустармен қатынадым. Автобус жүргізушілерінің бәрі мейірімді, ақжарқын азаматтар. Мен темекі шегуді айтпағанда, бірде-бір жүргізушінің құлағынан музыка тыңдайтын құлаққап, қолынан телефон көрген жоқпын. Әрине, мен бұл туралы олардың өздерінен сұрап көрдім. Бір жүргізуші: «Біз өз жұмысымызбен мақтанамыз. Бізді кез келген уақытта тексеруі мүмкін. Сондықтан жолаушылардың амандығы бәрінен маңызды», – деп жауап берді. Ал бізде, Ақтөбе қаласында қоғамдық көлікті тізгіндегендер құлаққап киіп, музыка тыңдап отырады. Рульде келе жатып телефонмен сөйлеседі. Одан қалса, жолда жүру ережесін өрескел бұзып, жылдамдықты асырып жібереді.
Бүгін мен ғибадатханаға кіріп, тағы да таң-тамаша қалғанымды қалай жасырайын?! Киелі орында қайырымдылық шаралары үзілмейді екен. Тағы бір айтарым, сіздерде ауылшаруашылығы жәрмеңкесінің жоғары деңгейде өткізіліп тұратыны. Қоғамдық көлікте отырып, Талдықорған қаласының күннен-күнге келбеттеніп, көркейіп келе жатқанын байқау қиын емес. Қаланың дамуы оның сұлулығына сұлулық қоса түседі. Ең бастысы, адамдар өздеріне жасалып жатқан игі істің бәрін қолдайды. Бұл тіптен керемет емес пе?!
Сізге жасыл желекті Талдықорғанды бұдан әрі өркендетіп, ең әдемі қалалардың санатына қосу үшін зор денсаулық, таусылмас қажыр-қайрат тілеймін. Ақтөбе қаласына аман-есен жеткен соң міндетті түрде Талдықорған қаласы жайлы жылы лебізімді білдіріп, мақала жазамын.

Наталия ДУБКОВА
Ақтөбе облысы

Оқи отырыңыз