САЯБАҚТАР ШЕРУІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

САЯБАҚТАР ШЕРУІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Халықаралық қоршаған ортаны қорғау күніне орай және «Саябақтар шеруі – 2016» экологиялық акциясы аясында  «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұйымдас­тыруымен «Табиғат – тал бесігім» атты ауқымды шара өтті. Оған облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов, облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы Темірлан Мәмиев, Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Болысбай Момынов, «Алтынемел» мемлекеттік табиғи паркінің директоры Халық Баяділов, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Ерлан Андасбаев, «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық паркінің негізін қалаушы Ғалым Тұрғанбаев, тағы да басқа қонақтар, ауыл тұрғын­дары мен алыс-жақыннан келген студент жастар қатысты.

Алдымен сөз кезегін алған облыс­тың бас экологы Қонысбек Байеділов өңірдің экологиялық жағдайы мен сол тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар жайын тілге тиек етті. Оның айтуынша, өткен жылды үлкен жетістікпен қоры­тындылаған өңір экологтары биылғы жылғы жетістіктерін де еселей түсуде. Облыстық экология департаментінің ақпаратына сенсек,  ағымдағы жыл­дың 5 айында аталған департаменттің бақылау бөлімі 67 шаруа­шылық жүргізуші нысанға тексеріс жүргізіп, 92 табиғат қорғау заңнамасының бұзыл­ғанын анық­таған. Нәтижесінде 80 қаулы шығарылып, тиісті мөлшерде айыппұл салынып, оның 70 пайыздан астамы мемлекет қазынасына қайта­рылыпты. Департаменттің зертхана-аналитикалық бақылау бөлімі 14 кәсіпорынның 55 ластаушы көзіне зертхана құралымен өлшеу және зерттеу жүргізіп, 100 сынама алынып, 477 анықтама орындалған. Сонымен бірге, департаменттің реттеу бөлімі 81 мемлекеттік экологиялық сарапта­маның қорытындысын және 35 қорша­ған ортаға эмиссияға рұқсат беру, ал экологиялық бақылау бөлімі арқылы 351 қауіпті қалдықтың паспортын тіркеу  қызметі көрсетілген.

Облыс экологтары Халықаралық қоршаған ортаны қорғау күні қар­саңында бірқатар игілікті жұмысты қолға алыпты. Айталық, облыстық экология департаментінің баста­масымен  17 мамырда І. Жан­сүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік универ­ситетінің жаратылыстану факуль­тетінде ғалымдар мен ұстаздардың, студенттер мен экологтардың, гидро­метеорологиялық қызмет маманда­рының қатысуымен «Өңірдің тазалығы – адамның аман­дығы» атты конфе­ренция өткізген. Оған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  универси­тетінің профессоры, биология ғылым­дарының докторы, академик, белгілі ғалым А. Биғалиев қатысқан. Сонымен бірге, департамент басшылығы мен қызметкерлері «Іле – Алатауы» ұлттық табиғи паркінің 20 жылдығына орай  ұйымдастырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, белсенділік танытқан. Сондай-ақ, облыс­тық экология департаменті Талды­қорған қаласы әкімдігімен ынты­мақтас­тықта жұмыс жүргізіп, Тал­дықорған қаласын­дағы орталық «Же­тісу» ста­дионы жанынан бір гектар жерге «Эко­лог­тар саябағын» ашуға уағдаласты. Жуырда саябақты абат­тандыру, көгал­дандыру үшін эколо­гиялық сенбілік өтті. Жақында облыс әкімдігінің Алматы қаласындағы өкілдік ғимаратында облыстық экология депар­таментінің филиалы ашылды.

Расында, кейінгі жылдары облыстық экология департаментінің жұмысы жүйеленіп, тың жаңалықтармен жұрттың ықыласына бөлене бастады. Бүгінгі таңда департамент қоғамдық ұйымдар, жоғары оқу орындары, ғылыми-өндірістік мекемелер мен табиғат пайда­лану­шылар және жас экологтармен ынтмақ­тастық орна­тып, «дөңгелек үстелдер», жиындар, конференцялар, экологиялық сенбіліктер және спорттық мәдени іс-шара­лар өткізу арқылы тәжірибелік шараларды мықтап қолға алды. Соны­мен қатар, аталған департамент облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен «Алматы облы­сы­ның экологиялық проблемалары және оны шешу жол­дары» атты ауқымды жиынды ұйым­дастырып, өңір табиғатын қорғаудың түйінді мәселелерін талқы­лап, көп жұмыстың басын қайырып, алдағы жоспарларын нықтап алды.

Өңірдің экологиясын қорғау мәсе­лесі Кербұлақ ауданында да мықты қолға алыныпты. Оны сөз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Болысбай Момынов жеткізсе, басқа қонақтар да өз саласы бойынша жасалған жұмыс­тарды тілге тиек етті. Ал «Алтынемел» мемле­кеттік ұлттық паркінде атқарылған табысты жұмыстардың ретін Халық Баяділов тізіп шықты.  Оның сөзінен білгеніміздей, бүгінде аумағы 500 мың гектарды алып жатқан ұлттық паркте атқарылған жұмыс көп. Әсіресе, парк ұжымы 22 наурыз бен 22 мамыр аралы­ғында өткізілген «Саябақтар шеруі – 2016» акциясын жоғары деңгейде ұйымдастырып, түрлі тақырыпты қамты­ған шаралар өткізген. Олар аудан, ауыл тұрғындарын, оқушыларды, студент­терді табиғатты жұмылдыруды мақсат ететін акция аясында оқушылар мен студенттердің қатысуымен «Ашық есік күні», «Құстар күні», «Жер күні», «Эколо­гиялық экскурсия», «Таза жағалау», «Экологиялық патруль» сияқты рейд­тер, танымдық сабақтар, қайырым­дылық концерттер өткізген. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары студенттері арасында «Ең үздік мақала», аудандық орта мектептердің оқушылары ара­сында «Ең үздік өлең», Басши окру­гіндегі мектеп оқушылары арасында «Ең үздік презентация» номинациялары бойынша байқаулар ұйымдастырған.

«Саябақтар шеруі – 2016» эколо­гиялық акциясы­ның қорытынды кон­цер­тінде аталған байқаулардың нәти­жесі шығарылып, жеңімпаздар анық­талды. «Ең үздік мақала» номинациясы бойынша Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің 2- курс суденті Рабия Үйрен, «Ең үздік өлең» номи­нациясында Кербұлақ ауданы, Қоянкөз ауылындағы Т. Құлыбеков атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы  Жанерке Қожамұрат, «Ең үздік презен­тация» номинациясы бойынша Кербұ­лақ ауданы, Нұрым ауылындағы Нұрым орта мектебінің оқушысы Диана Нұрман мен Басши ауылындағы Райымбек батыр атындағы орта мектептің оқу­шысы Айдана Бақытова бірінші орынды жеңіп алды. Осы және екінші, үшінші орын иегерлері мен ынталан­дыру жүлдесін алған жеңімпаздарға «Алтын­емел» мемлекеттік ұлттық паркінің негізін қалаушы Ғалым Тұрғанбаев ағамыз бен парктің бүгінгі директоры Халық Баяділов Алғыс хат тапсырып, бағалы сыйлық­тармен марапаттады.

Әрине, ата-бабаларымыз көзінің қарашығындай қорғап, бізге аманаттап кеткен туған жердің табиғатын сақтау, бүлдірмей қорғау бүгінгі ұрпақтың борышы. Жасыратыны жоқ, табиғат байлығы жоқ кейбір елдер қолдан жасаған жасанды көркемдіктері арқы­лы мол пайдаға кенеліп отыр. Біз бай да бағалы табиғи байлығымызды болса да, соны дұрыс пайдалана алмай жатқанымыз шындық. Акцияға қатыс­қан көпшілік осы тұрғыдағы кемші­ліктерді жөнге салып, туған жердің тұғырын биіктетіп, өңір экологиясын қорғауға қатысты тұшымды ұсыныс­тарын айтып, ой бөлісті. Осындай маңызды ойлар айтылып, мағыналы жұмыстар өрістеген шараның соңы елімізге танымал эстрада жұлдыз­дарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Қажет АНДАС

Басши ауылы,

Кербұлақ ауданы.

 

 

Оқи отырыңыз